Билік

Мамлют ауданындағы “20 игі іс” акциясы

 

 

Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына арналған игі шарадан аудандық мәслихат депуттары шет қалмауды жөн санаған. Халық қалаулысы Николай Кулик Белое орта мектебінде оқитын даярлық тобындағы балаларға сыйлықтар тарту етті. Үстел ойындары мен доптарды білім ошағындағы сауықтыру алаңқайына баратын бүлдіршіндер пайдаланады. Өз кезегінде балалар алғыстарын өлең оқып, ән айтып жеткізбек болды. Николай Кулик бұл акция асындағы игі істің тек бастамасы ғана екенін айтады. Халық қалаулысының алдағы уақытқа жасап қойған іс-қимыл жоспары бар.

Николай Кулик, Мамлют аудандық мәслихатының депутаты:
-Бұл акциядан қалыс қалмау керек деп ойлаймын. Бүгін мектеп жасына дейінгі балаларға өз сыйымды жасадым. Алдағы уақытқа да жоспарлар бар. Соңғы қоңырауға қатысып, түлектерге бағалы сыйлықтар тарту етпекпін. Бұдан өзге де игі істер көзделіп отыр.

Мамлют аудандық мәслихатында 12 депутат бар. Барлығы да “20 игі іс” акциясына білек сыбана атсалыспақ. Халық қалаулылары бүгінге дейін біршама шаруаның басын қайырып үлгеріпті.

Абай Қошанов, Мамлют аудандық мәслихатының хатшысы:
-Аудандық мәслихат депутаттары бұл акциядан сырт қалмай, жұмыс жоспарын құрып қойды. Олар қайырымдылық сенбіліктеріне қатысып, әркім өз округінде техника бөліп, қажетті құрал-жабдықтар беріп тұрғындарға көмек көрсетті. Сонымен қатар елді мекендерді тазартуға күш салды. Ал «Соңғы қоңырауда»  халық қалаулылары түлектерге бағалы сыйлықтар жасайтын болады.  

Мұнымен қатар депутаттар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына  балаларын мектепке дайындауға көмектеспек. Жаңа оқу жылында 12 оқушы оқу құралдарымен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.

 Айымгүл Әбілева