Билік

“Нұр Отандағы” қабылдау

 

 

 

 

Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауына бірінші болып өнер колледжінің оқытушысы Әділ Нұрахметов кірді. Ол өңір жетекшісінен облыстық филармонияның жанынан ерлер вокалдық тобын құруда жәрдемдесуді сұрады. Ансамбльдің дүниеге келуіне қаржы мәселесі тұсау болып тұр екен. Серік Біләлов облыстық мәдениет басқармасының бастығы Талғат Ақылбековпен телефон арқылы байланысып, бұл мәселені шешуде нақты ұсыныстар жасауын тапсырды. Ал “Фаза” саяжай серіктестігінің төрағасы Александр Трикачев облыс әкіміне қордаланып қалған бірнеше түйіткілді мәселе бойынша келіпті.  Саяжай учаскісінде аялдамалар қарастырылмаған, кейбір үйлерде электр  жарығы жоқ. Жолдар тіпті жүруге келмейтіндей әбден бұзылған, орталық су таратқыш желінің тозығы жетіпті. Партия филиалының төрағасы Александр Трикачевқа бұл мәселелерді шешуде қолдау жасайтынын айтты.

 Серік Біләлов, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, СҚО әкімі:
– Қала әкімі Нұржан Әшімбетов сол жерге барып, мәселені анықтасын және шешсін.

Жанна Нұрғалиева Горкий, 172 мекенжайындағы көпқабатты үй тұрғындарының шағымдарын жинап әкеліпті. Ол өңір жетекшісінен ыстық сумен қамту, жеке кәсіпкердің иелігіне берілген подъезді баспана иелеріне қайтару, ескірген шатырды жөндеуде жәрдем жасауын сұрайды.

Серік Біләлов, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, СҚО әкімі:
 – Біз бұл үйде электр жабдықтарын ауыстырған болатынбыз, мәселені бақылауға  алып, бір апта ішінде қараймыз, жауабын береміз.  

Бұл жолы қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігін екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер құрады. Облыс әкімі Серік Біләлов олардың жұмыспен қамтылуын өзінің бақылауына алатынын жеткізді.

Жеңіс Ермұқанов