Мәдениет

Мамлюттік ардагерлер облыс орталығында қонақта

18 мамыр – халықаралық мұражай күні. Бұл мерекеде Абылай хан резиденциясының қызметкерлері ашық есік күнін жариялапты.  Есігін айқара ашқан мекеменің алғашқы қонақтары Мамлют ауданынан  келген. Еңбек ардагерлерін мұражай қызметкерлері жылы жүзбен қарсы алды. Кейін Ұлы ханның өмірімен таныстырып, тарих тұңғиығынан сыр шертті. Абылай хан резиденциясында 300-ден астам жәдігер бар. Солардың ішінде ең бағалы саналатыны –   кебеже. Өйткені бұл ерте заманнан түпнұсқа күйінде сақталып қалған жалғыз экспонат. Ал келі мен келсап, күбі мұражай кешеніне биыл әкелініпті. Мұның барлығы қариялар үшін таңсық. Экскурсия жүргізушісін ұйып тыңдаған қарттар аудан әкімі ұйымдастырған игі шараға разы болды. Мамлют ауданында үш мыңнан астам еңбек ардагері бар. Олардың 685-і тыл еңбеккері болса, 23-і соғысқа қатысыпты. Алайда облыс орталығына саяхатқа қарттардың 20-сы ғана келіпті. Мұражай кешеніндегі жәдігерлерді тамашалап жүргендердің бірі – Өмірзақ Тұрсынов. 35 жыл теміржол саласында еңбек еткен  ардагер Абылай ханның ақ үйіне алғаш рет келіп тұр. Ақсақал қазақ жерін біріктірген ханның мұражайынан жақсы әсер алғанын айтады.  Кейін Мамлют ауданының еңбек ардагерлері «Қызылжар» оранжереясы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайын аралады.

 

 

Айдана Демесінова