ТКШ

Тұрғын үй шаруашылығын жаңғыртуға әзірлік



 

Облыс орталығындағы пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары тұрғын үй-коммуналдық саланы модернизациялау бағдарламасының жеңілдіктерін пайдаланып қалуға қарекет жасауда. Бірнеше миллиондық күрделі жөндеуге тұрғындардың шамасы жетпейді. Сондықтан, несие алу арқылы тұрғын үйлерді жаңарту мүмкіндіктері жасалған.

Сергей Худяков, «Қазақстанның тұрғын үй -коммуналдық саланы жаңғырту және дамыту орталығы» СҚОФ директоры:

-Тұрғындар келісім мерзімі аяқталғанша өз пәтерлеріне байланысты ай сайын несиені төлеп отырады. Төлем пәтер аумағына байланысты. Айлық төлем 1,5-3 мың теңгені құрауы мүмкін. Ал аз қамтылған тұрғындар үшін мемлекет тұрғын үй көмегін көрсетеді. Республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 145 миллион теңге бөлінген.  

Пәтер иелері кооперативтері төрағаларын алаңдататыны – күрделі жөндеуге бөлінетін қаржыны кейін мемлекетке қайтару мәселесі. Ортақ мүлікке бас ауыртпайтын тұрғындардан күрделі жөндеу үшін төлемді жинап алу қиынның қиыны болмақ. Бірақ, бұған да шешім табылмақ.

Сергей Худяков, «Қазақстанның тұрғын үй -коммуналдық саланы жаңғырту және дамыту орталығы» СҚОФ директоры:

– Бұндай тұрғындарға төлем жасауды сот міндеттейтін болады. Бұл кезеңдерде жаңа тұрғын үй қатынастары туралы заңнамадағы өзгертулер мен толықтырулар да қарастырылмақ. Яғни, тұрғындармен жиналыс өткізіліп, келісімдер жасалса, құжаттар толық болса, мәселе де жеңіл шешілмек.

Кооператив төрағалары тұрғындармен кездесіп -ақ жатыр. Бірақ, төмендегіні шатыр, жоғарыдағыны жертөле аса алаңдатпайды.

Владимир Калинин, “Нель” ПИК төрағасы:

-Жиналыс өткізіп, бұл мәселені тұрғындардың талдауына салып көреміз. Кеше біразымен сөйлескенмін, олар қаржыны қайдан аламыз деп отыр.  

Любовь Калинина, “Нель” ПИК бухгалтері:

-Көпшілігі мұндай жөндеуге қаржы бөлуге дайын емес. Кейбір 2-қабат тұрғындары «бізге шатырдың қатысы жоқ» дейді. Бірінші қабат тұрғындары да шатырдағы жөндеуге ақша бермейді.

Бағдарлама туралы естігелі құжат жинауға кіріскен төрағалар да бар. Тұрғындарының басым бөлігінің келісімін алған ондаған пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары бір айдан соң жөндеуге де кіріспек.

Әсем Рахметова