Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көктемгі егіс басталды

  
“Кулик НП” ЖШС-ның диқандары бүгін дәнді дақылдар себуге кірісіп кетті. Егіс даласына онға жуық техника шыққан. Биыл шаруашылықтағылар екі жаңа “МТЗ -82” тракторы мен үш дәнсепкіш сатып алыпты.

  Сергей Свиридюк, тракторшы:
– Бүгін егіс даласына бірінші күн шықтық. Ауа райы да жақсы. Бидайды жаңа дәнсепкіштермен сеуіп жатырмыз. Бұл серіктестікте жұмыс істеп жатқаныма алғашқы жыл. Жұмыс көңілімнен шығады.  

Екінші классты тұқым толық тексерістен өткен. Егіс алқаптарына “Астана”, “Омбылық- 35 және 36” тұқымдары себіліп атыр. Жанар-жағармай қоры да жеткілікті . Шаруашылық 300 тонна жанармаймен қамтамасыз етілген. Жалпы биыл серіктестік диқандары 7 мың 400 гектар алқапқа бидай дәнін сіңірмек.

  Николай Кулик, “Кулик НП” ЖШС директоры:
Біз егіс жұмыстарын мамырдың он бесінен бастадық. 600 гектар алқапқа зығыр септік. Бүгін бұл жұмыстарды аяқтамақпыз. Әрі дәнді дақылдар себуді де бүгін бастап кеттік. Барлық ылғал жабу жұмыстары уақытында, толыққанды жүргізілді. Өткен қуаңшылық жылы гектар берекелігі 13 центнерді құраса, биыл гектарынан 18 центнер жинап аламыз ба деп отырмыз.  

Жалпы үстіміздегі жылы Мамлют ауданында 150 322 гектар алқапқа бидай егілмек. 3 700 гектар жер майлы дақылдарға бөлінген. Бүгінде оның бір мың гектарына дән себіліпті.

Ысқақ Насыров, Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы:
– Үстіміздегі жылы жем-азық егілетін аумақты 2 мың 400 гектарға ұлғайтпақпыз. 300 гектар жерге көпжылдық шөп егіледі. Сонымен қатар агроқұрылымдар картоп пен көкөніс отырғызылатын алқапты да өсірмек.  

Тұқым дайын, жанар-жағармай қоры жеткілікті, техника сақадай-сай дейді мамлюттіктер. Үстіміздегі жылы 135 млн. теңгеге 60 жаңа техника сатып алынған. Сөйтіп егіс науқанын диқандар уақытында – маусымның үшіне дейін аяқтауды межелеп отыр.

Айымгүл Әбілева