Аптадағы маңызды жаңалықтар

Электр желісіне заңсыз қосылу қауіпті

 

 

Электр желісіне заңсыз қосылғандардың кесірінен энергия беруші компания да зардап шегіп отыр. Петропавлдың Копай ауданының тұрғындары өткен аптада бірнеше күн жарықсыз отырды. Өйткені  трансформатордың тетіктері заңсыз қосылуларға шыдас бермеген.

Владимир Сафронов, СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қызмет бастығы:

-Осы аудандағы электр желісіне заңсыз қосылушылардың көптігінен трансформаторлар шыдар емес. Кей уақта тетіктері күйіп кетеді. Бұның барлығы шығын.

Желіге заңсыз қосылатын осы ауданның тұрғындары. Мұндағы 17 отбасы бірнеше жылдан бері жарықсыз отыр. Баспана иелері энергия қарызы үшін желіден ажыратылған. Сондықтан кешкілік уақытта бағанадағы желіге сым лақтыратындар көбейеді.

Светлана Величкина, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қызметкері:

-Облыс орталығында 50 үйдің тұрғындары желіге тұрақты түрде заңсыз қосылып отырады. Әр желі бойынша айына шығын 4 киловатты құрайды. 50 үйден келетін шығын айына 1 миллион 614 мың теңгені құрайды. Желі де тозады. Ең бастысы бұл адам өмірі үшін қауіпті.

Копай ауданындағы кейбір тұрғындардың энергия үшін қарызы 25 мыңнан 100 мыңға дейін жеткен. Бірақ көршілерінің кесірінен энергетиктер қызметі үшін уақытылы төлейтіндер де зардап шегіп отыр. Олар заң бұзушы көршілерімен сөйлесіп те көрген. Бірақ нәтиже шамалы.

Елена Минина:

-Соңғы бес күнде бірнеше рет жарықсыз қалдық. Заңсыз қосылған көршілерімізге барып, таяқпен сымды өзіміз ажыратып та көрдік. Бірақ олар кешкісін қайта қосып алады.  

Бірнеше жылдан бері желіге тура қосылып жүрген Михаил Яковлев энергия үшін тұрақты түрде төлеп тұрмақшы. Тек ол үшін энергетикалық компания қарызын кешіріп, есептегіш орнатып беруі керек.

Михаил Яковлев:

-Мені энергетиктер 3-4 рет энергия ұрлағаным үшін ұстап алып, айыппұл салған. Енді сол айыппұлды төле деп отыр. Егер маған есептегіш қойып берсе, қарызымды кешірсе, әрине тұрақты түрде төлеуге көшер едім. Әйтпесе, жаңа ағыттым, кешке қайта қосамын.  

Желіге заңсыз қосылу көп жағдайда қайғылы аяқталады. Өткен аптада Жұмысшы кентінде осындай жолмен энергия көзіне заңсыз қосылған үйден өрт шығып, төрт пәтердің бірі отқа оранды. Ал бір ай бұрын Зайсан ауданының тұрғыны желіге қосылу кезінде опат болған.

Әсем Рахметова