Мәдениет

Александр Зайберттің концерті

  
 

 

 

 

Бұл Александр Зайберттің осымен үшінші жеке концерті. Әдеттегідей, залда бос орын жоқ. Өйткені, солтүстікқазақстандықтар жерлес музыканттың шығармашылығын жоғары бағалайды.

 Көрермендер:

-Тамаша әнші. Мен оның концертіне алғаш рет келіп отырғаным жоқ. Жүректен шығатын әндері өте ұнайды.
– Шансон орындайды. Әндері көңілімнен шығады.
Әрбірінде терең мағына жататынын ерекше атап өту керек.

Александр Зайберт музыканы өмірлік ұстанымдарын айқындап алған есейген шағында жаза бастаған. 2007 жылды шығармашылығына үлкен серпіліс әкелген жыл деп санайды. Осы уақыттан ол гастрольге шыға бастаған. Александр негізінен өз өлеңдеріне ән жазады. Бірақ өзге авторлардың сөздеріне жазылған әндері де жоқ емес. Бүгінде Александрдың өнеріне табынушылар Қазақстанда ғана емес, Ресейде де бар. Десек те, ең адал және ең қатал сыншы – әншінің әкесі.

 Юрий Зайберт, Александрдың әкесі:
Александр әрбір концертінде тың дүние көрсетеді. Мен оның өсіп келе жатқанын байқаймын. Кәсіби шеберлігі де шыңдала түсуде. Оның әрі қарай қажырлы жұмыс істеп, бұдан да биік асуларды бағындыратынына сенімдімін.

 Шансон жанрын музыкант бірден таңдамаған. Бұл жанрға түрлі байқаулар мен фестивальдерге қатысу арқылы келген. Өткен жылы Мәскеуде өткен байқауда “Шансон маэстрі ” аталымында Александр үздік атаныпты.  

  Александр Зайберт – әнші, композитор:
– Шығармашылық  – бұл менің жемісім. Сондықтан оны өсіріп-жетілдіру керек. Бұл ретте алда үлкен жұмыстар тұр. Жаңа әндер жазып, әлі де менің өнерімді сүйетін қауымды қуанта бермекпін.

Алғашқы альбомындағы үздік хиттарды шырқаған Александр өнерсүйер қауымға ұмытылмас кеш сыйлады.

Айымгүл Әбілева