Құқық қорғау органдары

Жас тергеушілерге арналған семинар

Өткен жылы сот 10 қылмыстық істі қосымша тергеуге жіберген. Яғни, алдын ала тергеу барысында бірқатар кемшіліктер орын алды. Жас тергеушілерге арналған семинар-кеңесте прокурорлар қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңдарды дұрыс қолдану, тергеу шарттарын толық орындау мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.

Серікбай Ерімбетов, СҚО прокурорының орынбасары:

 

 

– Өткен жылы сот қылмыстық істер жүргізу кезіндегі 40  заң бұзушылыққа қатысты бізге қаулы жіберді. Қылмыстық істер де қайтарылды. Сондықтан қылмыстық-процессуалдық заңды қолдануда бірқатар талқылау керек екендігін көрдік. Әрине, кемшіліктерді жіберуге бірқатар себептер бар. Солардың негізгісі, тергеушілердің басым бөлігінің жастығы, тәжірибелерінің аздығы деп білеміз.

Облыста ауыр қылмыс саны артқан. Сәйкесінше тергеушілердің де жұмыстары мол.

 Әбдіқахар Еркебаев, Петропавл қалалық сотының төрағасы:

-Петропавл қалалық сотына бірінші тоқсанда 250 қылмыстық іс түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 32 іске артық. 56 іс ауыр қылмыс бойынша қозғалған. Талдау ұрлық фактісі бойынша қозғалған істердің де өскенін көрсетіп отыр.

Ал сотқа жеткен қылмыстық істерден кемшіліктің сан түрін кездестіруге болады. Кейде тергеуші хаттама толтырған күнді жазбай, сот қызметкерлерін әуреге салады. Тіпті күдіктінің аты-жөні дұрыс жазылмауы да кездескен. Ұрланған заттар куәгерлерсіз алынған. Жәбірленуші мен куәгерлердің, күдіктілердің тұрғылықты мекенжайлары дұрыс толтырылмайды. Тергеушілер қылмыстық іс қозғау бойынша да бірқатар талаптарды дұрыс орындамай, күдікті құқығының бұзылуына жол береді.

Ербол Рақымбеков, СҚО сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы:

– Өткен жылғы семинарда қылмыстық істерді қозғау туралы құжат міндетті түрде мемлекеттік тілде толтырылуы керек екендігін айттық. Біздің тергеушілеріміз іске мемлекеттік тілдегі құжатты ғана тігеді. Күдіктінің мемлекеттік тілді білмейтіндігінде олардың шаруасы жоқ. Осылайша басынан кемшілікпен басталған іс соңына жетпейді.

Сондай-ақ, қылмыстық істерді қозғауда заң баптарын дұрыс қолдану, соңғы түзетулерді ескеруге де ерекше көңіл бөлінді.

Сәуле Рахметова, Айыртау АІІБ тергеушісі:

-Семинар өте маңызды. Әсіресе жас мамандар үшін.

Облыстық прокуратура мен ішкі істер басқармасының қызметкерлері тергеушілерге сот сараптамасын жүргізу тәртіптерін, заңсыз есірткі айналымы, жеке тұлға мен мүлікке қатысты қылмыстық істерді тергеу бойынша бірқатар жәйттерді түсіндірді.

Әсем Рахметова