Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданындағы көктемгі егіс науқаны

 

«Аби -Жер» ЖШС-нің диқандары көктемгі егіс жұмыстарына кірісіп кетті. Қазіргі күні бұл жерде сұлы себіліп жатыр. Бір-екі күнде кезек майлы дақылдарға жетпек. Шаруашылықтың 13 мың гектар егіс алқабының жетпіс пайызы майлы дақылдарға бөлінген. Қалған алқапқа бидай, бұршақ, сұлы себілмек.

Василий Черкасов, агроном:
– Мамырдың он төртінен майлы дақылдарды себуге кірісеміз. Мамырдың 22-нен   27-не дейін бидай егеміз. Кадр тапшылығы жоқ. Механизаторлар жеткілікті.
Егіс даласына шығатын техника толық дайын.  

Шаруашылықтағылар биыл канадалық жаңа себу кешенін сатып алған. Дәнсепкіштің ені 18 метр. Жалпы науқан кезінде егіс алқабына алты себу кешені шықпақ. Қызылжар ауданындағы өсімдік шаруашылығымен айналысатын 375 агроқұрылым мамырдың он үшінен майлы дақылдар, ал он жетісінен бидай себуге кіріспек. Көктемгі егіс науқанына техника толық дайын.

Өмірбай Омаров, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы, Қызылжар ауданы:
– 1252 керек техниканың бәрі дайын. Оның 42-сі  сырт елден әкелінген кешендер. Осы кешендермен 120 мың гектар жерге дәнді дақылдар егеміз.  

Жанар-жағар майға қатысты да мәселе жоқ дейді қызылжарлықтар. 3200 тонна жанармай қоры бар. 180 шаруашылық субсидия алуға өтініш жазған. Жалпы сомасы 140 млн. теңгеден асып жығылады.

Өмірбай Омаров, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы, Қызылжар ауданы:
-Тұқым дайын. 25 560 тонна керек тұқымның 59 пайызы – 1 сортты, 41 пайызы – 2 сортты. Жанар-жағар май бар, техника дайын. Механизаторлар жеткілікті.  

Қызылжар ауданы егін жинау науқанының нәтижесі бойынша екі жыл қатарынан көш басында келеді. Өткен жылы диқандар қуаңшылыққа қарамастан гектарынан 14,5 центнер астық жинап алған. Қызылжарлықтар биыл да талап үдесінен шығуды көздеп отыр. Жалпы үстіміздегі жылы ауданда 132 900 гектар алқапқа бидай егілмек. 13 300 гектар майлы дақылдар егуге, 4 мың гектардан артық жер картоп салуға және 545 гектар көкөніске бөлінген. Көктемгі егіс науқанын диқандар уақытында – маусымның бесіне дейін аяқтауды межелеп отыр.

 

Айымгүл Әбілева