Көлік және жолдар

Жол жиегіндегі тазалық

 

 

 

 

Облыс орталығының аумағы арқылы республикалық маңыздағы 44 шақырым жол өтеді. Автомобиль жолдары комитеті облыстық департаментінің басшылығын осы айналма жолдардың санитарлық жағдайы алаңдатып отыр. Жинаған жерді әпсәтте қоқысқа толтыратын тұрғындармен күресуге департамент қауқарсыз.

  Арман Жүсіпов, ҚР автомобиль жолдары СҚО департаменті директорының орынбасары:

-Жергілікті тұрғындар, Жұмысшы поселкесінде  тұратын, қоқысты жолға тастайды. Біз жинауымыз керек. Бірақ бізде қаражат жоқ. Мәселені көтердік, акимат көмектессе.

Жол жиегіндегі тазалық ұзаққа бармайды. Мұндай проблема облыстық маңыздағы жолдарға да тән. Арнайы күзет тұрмаған соң, тұрғындар да көп ойланбастан жол жиегін қоқысқа айналдырады. Тіпті, ит-мысық өлексесін де осы жерге таситындар бар.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

– Заң бұзушыларға шара қолданылуы керек. Қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп жолға шығыңыздар. Заңға тартыңыздар, айыппұл салынсын. Баспасөзде жариялаңыздар.

Жазалауға келгенде санитар дәрігерлер де шарасыздық танытып отыр. Қолдарында заң жоқ. Бұл жерде күш көрсете алатын полицейлер ғана. Айыппұл салып, жазалауға олардың ғана құзыреті жетіп отыр.

Нұржан Қожағұлов, Петропавл қалалық ІІБ бастығының орынбасары:

-Тазалық тәртібін сақтамаған жеке тұлғаларға қатысты 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бір рет қана ескерту жасалады. Ал лауазымды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге  20-40, ірі кәсіпкерлерге 50-100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.

Белгіленбеген жерлердегі саудамен күрес те тиісті деңгейде емес. Қала әкімі әр дүкеннің қасына саудасын жайып салатындармен жұмысты да бірлесе атқаруға шақырды. Облыс орталығындағы базарларда орын жетерлік. Сондықтан  сауданы белгіленген, сатушы мен тұтынушы үшін жағдай жасалған орындарда жүргізу керек.

Әсем Рахметова