Билік

Жергілікті ғалымдардың өнертабыстары

 

 

 

Мына насос қысы қаҺарлы солтүстік өңірде жылу энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ол үшін ғимарттағы жылу жүйесін өзгертудің қажеті жоқ. Қондырғы жылу элеваторының торабына жанамалай орнатылып, ғимаратты жылытып шыққан суды қайта жылыту жүйесіне айдауды қамтамасыз етеді. Жылу үнемдеудің модернизацияланған жүйесін академик М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессор-оқытушылары ұсынып отыр.
 
Фанис Литфулин,  “Экологиялық бастамалар қоры” ҚҚ бас директоры:
– Қазақстанда, Финляндиямен салыстырғанда жылытуға кететін энергияның көлемі бірнеше есе жоғары.
Мысалы елімізде 1 метрді жылыту үшін 240, ал шет елде 8 киловатт қуат жұмсалады. Ал біздің облыста  энергия шығыны  35 пайызды құрап отыр.
 

Жергілікті ғалымдар ойлап тапқан жаңашылдық қыстың жылымық күндерінде ғимаратқа келетін энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Өнертабыс жергілікті “Казнефтегазмаш” АҚ-да дайындалуда.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Жылу құбырларындағы энергияны барынша қолдану өз нәтижесін береді. Насосты дайындауға кететін 400 мың теңге айтарлықтай қомақты қаржы емес. Оның үстіне жергілікті зауытта жасалса, ешқайда барып іздеп, тапсырыс жасаудың қажеті жоқ. Бұл қондырғыны облыстың әлеуметтік нысандарына орнатқан тиімді болатын сияқты.
 
Университет ғалымдарының 2 жылдық тәжірибесіне №1, 4 емхана, темір жол және құрылыс- экономика колледждерінен өзге тағы 9 нысан қатысқан. Араларында қалалық әкімшілік ғимараты да бар. Нұржан Әшімбетов  2010-11 жылыту маусымында 285 мың теңгенің үнемделгенін айтып отыр. Бұл шамамен 30 пайыз. Алайда  өзге нысандарда бұндай көрсеткіштер байқалмапты. Сондықтан тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасындағылар мен энергетиктер бұл бағытта өз ұсыныстарын жасауда.

 Антон Федяев, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
– Алдымен бұл қондырғы жақсылап реттеулі тиіс.
Яғни барлық параметрлерін күнделікті, тіпті күніне бірнеше мәрте өзгертіп отыру керек. Өйткені тәулік бойы ауа температурасы да құбылып отырады. Сонымен қатар, бұл қондырғыны аптасына 5 күн жұмыс істейтін ғимараттарда ғана қолданып, демалыс және мереке күндері жылуды азырақ беруге болады. Айтқым келетіні – бұл жүйе тым қатты жылытылатын жайларда ғана энергияны үнемдеуге қолайлы.

Андрей Калиничев, “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
Бұл модельді үнемдеудің бірінші кезеңі ретінде ғана қарастыруға болады. Оны бірнеше жыл бойы тәжірибе ретінде пайдалануға болмайды. Қондырғы 1-2 жыл үнемдеу бергеннен кейін  біршама жетілдірілген түріне көшу керек. Кейін толық автоматтандырылған түрін орнатамыз. Яғни оны әлі жаппай қолдану ерте сияқты, тағы бір жыл бақылау жүргізген дұрыс.
 
Өнертапқыштардың тағы бір жаңалығы  ауыл шаруашылығына өз себін тигізуі бек мүмкін. Наталья Белецкая егіс қарсаңында тұқымдық бидайды активтелген сумен өңдеуді ұсынып отыр.

Наталья Белецкая, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:
Ең үздік көрсеткіш – әр гектардан 4 центнерден өсім алдық. Белсенді су астықтың шығымдылығын 15 пайызға арттырды. Айта кету керек, активті су сапасы нашар тұқымға ғана жақсы әсер етеді. Яғни оның өсіп-өну мүмкіндіктерін арттырады.
 

Бірақ бүгінде белсендірілген судың қажетті қоры жоқ. 1 тонна бидайға шамамен 15 литр су жұмсалады. Ал қарапайым суды активтендіру үшін ғалымдарға арнайы қондырғы керек. Бұл шамамен 1 млн теңге. Облыс әкімі тиісті ведомство басшыларына ғалымдармен бірлескен жұмыс жүргізуді тапсырды.

Гүлмира Шоқтыбаева