ТЖ

Сауда орындарының қауіпсіздігі тексеріледі



 

«Страна товаров» сауда орталығында шыққан өрттің себептері әлі анықталып жатыр. Әзірге бірнеше болжам жасалған.

Бахтияр Қадырханов, СҚО ТЖ департаментінің бастығы:

-Негізгі болжамдардың бірі – ғимараттың шатырында қауіпсіздік шаралары сақталмастан құрылыс жұмыстары жүргізілген. Біреу от салуы да мүмкін.  

Ғимараттың екі қабаты бірдей жанып кеткен. Өрт сөндірушілер хабар кеш жетті деп отыр. Сондықтан келген материалдық шығын да мол.

Бахтияр Қадырханов, СҚО ТЖ департаментінің бастығы:

Хабар кеш түсті. Сол жердегілер өртті өз күштерімен сөндірмек болған сияқты. Өйткені хабар түскенен кейін төрт минутта біздің құтқарушылар жеткенде өрт 300 шаршы метрге жайылған.

Материалдық шығын есептеліп жатыр. Өрттен аман қалған мүлікті алып шығуға жағдай жасалған. Құқық қорғаушылар оқиға орнында әлі де күзетті тоқтатқан жоқ.

Нұржан Қожағұлов, Петропавл қаласы ІІБ бастығының орынбасары:

-Өрт кезінде біздің қызметкерлеріміз оқиға орнын қоршауға алды. Сауда орталығының ішіне бөгде адамдардың кіруіне тосқауыл қойылды. Қызметкерлер әзі де кезекшілік атқарып жатыр. Бүгін төтенше жағдайлар департаментінің рұқсатымен ғимаратқа кіріп, оқиға орнын тексеруге кірістік.

Ал қала басшылығы  төтенше жағдайлардың алдын алудың өзге әдісін таңдап отыр.

 Антон Макаров, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Базарлардың көпшілігі халық тығыз орналасқан аудандарда орналасқан. Ғимараттар мен оларға қатар қойылған бутиктерде ешқандай санитарлық талаптар сақталмаған. Сондықтан қалалық әкімдік базарларды шеткері аудандарға көшіруді ұсынып отыр.  

Бұл ұсыныстың өміршеңдігін уақыт көрсетеді. Әзірге барлық қызметтерге сауда орындарындағы өрт қауіпсіздігі шаралырының сақталуын тексеру міндеті қойылып отыр.