Мәдениет

Ресей сахнагерлері Петропавлда

 

Махаббат – мәңгілік тақырып. Нина Чусованың қойылымының оқиғасы да екі жас арасындағы сүйіспеншілікке құрылған. Фердинанд есімді Президенттің ұлы қарапайым музыканттың қызы Луизаға ғашық болады. Жігіт текті және бай отбасынан, ал сүйіктісі қарапайым жанұядан шыққан. Бұл одақтың бақытты болуы мүмкін емес. Зұлымдық, қастық және билік олардың нәзік сезімдеріне бөгет болады. Махаббат тақырыбы қазіргі заманда аса өзекті дейді актерлер. Бұл құндылықтар ешқашан маңыздылғын жоғалтпақ емес. Қазіргі заманда да өзгенің бақытын қызғанатын Вурм сияқты жандар табылады. Ал баласы үшін әкесі шешім қабылдайтын жағдайлар әлі күнге дейін көп кездеседі.

  Николай Аверюшкин,  актёр, ақын, композитор:
Қойылым сюжеті белгілі. Бірақ режиссер оған жаңа өмір сыйлады. Барлығы бүгінгі заманға сай етіп жасалып отыр. Әрине, жастарға жақынырақ. Бұндай қойылымдардың болғаны жақсы. Айту керек, жастар үлкен қызығушылық танытып, спектакльді тамашалауға келеді.  

Режиссер Нина Чусованың махаббат және қылмыс жөніндегі қойылымы әсерлі, бірден көрерменді баурап алады. Неміс классигі Фридрих Шиллердің пьесасының трагедияға толы сәттері жаңа бояуға ие болып, қойылымның зұлымдық пен қастыққа толы тұстарын күшейте түсетін нақыштармен толықтырылған. Кейіпкерлердің бірі  – Гофмаршалдың рөлін сомдаған актер Сергей Рудзевичтің ойыны көрерменді тәнті етті

 Сергей Рудзевич, актер:
Кейіпкерді сомдап шығу оңай болды деп айта алмаймын. Ол үнемі қозғалыста жүретін адам. Бәріне ұнағысы келеді, бәріне жағынады. Әрине, қиындықтар болды. Бірақ бұл менің үлкен қызығушылығымды тудырды. Жалпы бұл роль маған өте ұнайды.

Режиссер оқиғалар шиеленісін күшейтіп, толықтыра түсетін тағы бір сәт ойлап тапқанын айту керек. Бұл шымылдық ойыны. Ғашықтар – Ольга Арнтгольц ойнаған Луиза мен Андрей Финягин сомдаған Фердинандтың іс-әрекеттері ақ шымылдықтың артында өтеді. Ал сұр түсті шымылдық жауыздық пен бақытсыздықты бейнелейді. Актерлердің тамаша ойыны мен сәтті жасалған декорация көрермендердің көңілінен шықты. Олар әр ұнаған көріністен кейін қошемет көрсетіп отырды.

 Көрермендер:

-Қойылымнан жақсы әсер алдық. Актерлер тамаша ойнап шықты.
-Маған қойылым ұнады. Бұрынғы 18-ші ғасырда болған оқиғаны жаңа заманға сай етіп сахналап отыр. Актерлер кейіпкерлерін жақсы сомдап шықты.
– Басынан аяғына дейін бір демде көріп шықтық. Өте әсерлі. Осындай қойылымдар жиі қойылса дейміз.  

Айымгүл Әбілева