Спорт

Каратешілер аттестациядан өтті



 

 Аттестация жылына 2 рет ұйымдастырылады. Сертификат пен белбеулерге ие болатын жеткіншектер бұл сәтті асыға күтеді.

Владимир Витченко, СҚО кёкушинкай карате филиалының директоры:
 –
Бұл жолы 193 адам аттестациядан өтті. Балалар дәрежесін көтеріп, белбеуін ауыстыру үшін бар күштерін салды.  

Жаңа белбеудің иегері атану үшін каратешілер 2 күн  бойы бірнеше жекпе-жекке шығып, тиісті жаттығуларды орындады. Сыннан сүрінбей өту әрбірінің қолынан келмеді. Бағы жанғандар жаңа сатыға көтерілді. Аттестациядан сәтті өткендердің қатарында Қазақстан біріншілігінен жеңіспен оралған спортшылар да бар. Каратемен 1-ші жыл айналысып жатқан балдырғандар арасында бұл жарыс Шымкент қаласында өткен болатын. Дүбірлі додада өңіріміздің намысын 15 спортшы қорғады. Олар 7 алтын және 3 күміс алқамен оралды

Владимир Витченко, СҚО кёкушинкай карате филиалының директоры:
Балалар жақсы нәтиже көрсетті. 10 адам ақтық кезеңге жолдама алды. Алтын, қола еншілегендердің барлығы жекпе-жекті аяғына дейін жеткізбей, қарсыластарын  жықты.

Николай Семиренко 9-шы кю және сарғылт белбеуге ие болды. Жас спортшы Қазақстан чемпионатында 2-орынды еншілесе, Шымкенте алтын алқа иегері атанды.

 Николай Семиренко, каратеші:
Мен 3 мәрте жекпе-жекке шықтым. Жартылай финалда шымкенттік спортшымен бәсекелесіп, жеңіске жеттім.  

Ал  9 жасар Сұлтан Баймағамбетовтың бұл алғашқы үлкен жеңісі. Ол да ел көлеміндегі сайыста қанжығасын алтын алқамен майлады.

  Сұлтан Баймағамбетов, каратеші:
3 жекпе-жекке қатыстым. Алғашқысында қарсыласым Шымкенттен болды. Оны жеңдім. Екінші петропавлдық қарсыласыммен күш сынасқанда да басымдық таныттым.  

Болашақта спортшыларды өзге де сындар күтіп тұр.  Сол сайыстарда қарсыластарына дес бермеу үшін жерлестеріміз үздіксіз жаттығуда

Айдана Демесінова