Ауыл шаруашылығы

Егіс науқанына әзірлік

  

 

 

Синоптиктердің мәліметіне қарағанда, сәуір айында жауын-шашын қалыпты деңгейден артық түсіп, 43 мм құраған. Көктемгі жауынға сенім артқан кей шаруашылық өкілдері ылғал жабуға мән бермеген. Атап айтсақ, бұл жұмыстар Шал ақын, Уәлиханов және Тимирязев аудандарында тиісті деңгейде жүргізілмепті. Барлығы өңірдегі егіс алқаптарының 4 млн 446 мың га-да ылғал сақтау шаралары орындалған.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Сәуірдегі жауынға сеніп отыруға болмайды. Жылы ауа райында бұл ылғал ұшып кетеді. Қазірдің өзінде жердің беткі қабаты кеуіп кетті.

Облыста жаппай егіс айдың ортасынан басталады деп күтілуде. Алайда  қазірдің өзінде 1 мың га жерге дән сіңіріліпті. Серіктестіктердің басым бөлігі элиталық тұқым алуға бөлінген субсидияны пайдалануға асығар емес. Облысқа 15,5 мың тонна элиталық тұқымға квота берілген. Қазіргі уақытта 11,5 мың тоннасына келісім жасалғанымен, 8,8 мың тоннасы ғана өтелген. Минералдық тыңайтқыштарға қарастырылған квотаны пайдалану сылбыр жүріп жатыр.

Нұрлан Биболаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
Үстіміздегі жылы облысқа тыңайтқыш сатып алуға 1,1 млрд теңге субсидия бөлініп отыр. Отандық зауыттармен 21,1 мың тоннаға келісім жасалды. Бұл 68 пайыз. Оның тек 13,6 мың тоннасының ғана ақысы төленді.

Арамшөптермен күрестің жайы да мәз емес. Гербицид пен қара сұлыға қарсы дәрі-дәрмек алудан М.Жұмабаев ауданы көш соңында қалыпты. Жиында зиянкестермен күрес мәселесі де сөз болды.

Гүлмира Шоқтыбаева