Жұмыспен қамту бағдарламасы

Билік

16:59 11 Мамыр 2011

2011 жыл – алдағы он жыл көлемінде жүргізілетін еңбекпен қамтудың алғашқы кезеңі ретінде белгіленіп отыр. Көпшілік үшін таңсық дүние жайлы биылғы жолдауында ел Президенті айтып кеткен болатын. Міне, араға бірнеше ай салып, бағдарлама облыстық әкімдікте талқыға түсті.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Ел үкіметі 2020 жылға дейінгі жұмыспен қамту бағдарламасын бекітіп отыр. Ол бірнеше кезеңде – алғашқысы 2011 жылы, екінші кезеңі – 12-15 жылдары және соңғысы – 2016-20 жылдар аралығындағы бағдарламаның кең көлемді жүзеге асуын қамтиды. Сондықтан, биылдан бастап білім беріп, жұмысқа орналастыруда көмек көрсету; ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту мен еңбек ресурстарының жеделдігін арттыру міндеті тұр.

Алғашқы кезеңді жүзеге асыруға облысқа 1 млрд 785 млн теңге қарастырылған. Яғни қаражат қалған жарты жылдың көлемінде игерілуі тиіс. Оның қомақты бөлігі экономикалық көрсеткіштері төмен елді мекен тұрғындарын болашағы бар ауылдарға көшіруге бөлініпті. Яғни бұндай отбасыларына мемлекет тарапынан баспана салынатын болады. Жаңадан тұрғызылатын үйлердің шаршы метріне 70 мың теңгеден қарастырылған.

 Асқар Сақыпкереев, СҚО еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
-Қазіргі уақытта экономикалық потенциалы төмен 68 елді мекенді таңдап алдық. Ал экономикалық дамуы жоғары 26 ауыл-поселкеге көшетін тұрғындарға 222 үй салу жоспарда бар.
 
Облыс әкімі тұрғындарды аудан орталықтарына көшіруді ұсынып отыр. Бұл кезде атқарылған іс көзге көрініп, әрі үнемі бақылауда болмақ. Бірақ кей аудандардағы жұмыс берушілер тұрғындарды белгіленген ауылдарға көшіруді сұраған. Ауқымды бағдарламаның тағы бір бағыты – мамандардың біліктілігін арттырып, даярлық және қайта даярлық курстарынан өткізуді қарастырады.

Асқар Сақыпкереев, СҚО еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
– Қазіргі уақытта сұранысқа ие мамандықтар сарапталып, тізімдері жасалуда. Биыл 481 адам жаңа мамандық алып шығады. Білімін жетілдіріп, қайта даярлықтан өтетіндердің барлық шығындары мемлекет тарапынан төленетін болады. Есесіне бұл тұрғындармен келісім-шарт жасалып, курстардан кейін олар өз ауылдарында еңбек етулері тиіс.
 
Сондай-ақ, елдімекендерде өз ісін домалатқысы келетіндерге мол мүмкіндіктер ашылып отыр. Бағдарлама үйлестірушілері ауыл тұрғындарына микрокредиттік ұйымдар арқылы 3 млн теңгеге дейін несие беруді көздейді. Бағдарламаның аталған 3 бағытын жақын күндері құрылатын жұмыспен қамту орталықтары қадағалайды. Алдағы уақытта әр ауданда оларға кеңсе қарастырылып, жетекшісі тағайындалады. Бағдарламаның алғашқы жылында облыста өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың санын 2 жарым мыңға, және тұрмыс жағдайы төмен тұрғындарды 714-ке азайту көзделіпті. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі де 5 пайызға төмендемек.

Гүлмира Шоқтыбаева

Бұдан әрі оқыңыз