Қоғам

Қарияларға қамқорлық

 

 

 

Тамара Орлова Ұлы Отан соғысы жылдары өз еркімен майданға аттанды. Қанды қырғында 18 жасар бойжеткен байланысшы қызметін атқарыпты. Талай мәрте ажал аузынан аман қалып, соғыстан кейін күйреген ел экономикасын көтеруге еңбек етеді. Бүгінде 80-ң сеңгіріне шыққан қарияны кәрілік жеңіп, денсаулығы сыр берген. Бүгін Тамара Орлова қалалық ардагерлер кеңесіне сапалы ем алуға көмек жасауларын сұрап келді.

Тамара Орлова, соғыс ардагері:
– Ардагерлер кеңесіне қашан келсем де көмек қолдарын созуға әзір тұрады. Қандай қиын жағдай болмасын арқа сүйерлеріме айналды. Бірқатар мәселемді шешіп берді. Оларға айтар алғысым шексіз.  

Бейбіт аспан сыйлаған  ата-әжелеріміздің қатары жыл санап сиреп барады. Бүгінде облыс орталығында тек 335 соғыс ардагері қалыпты. 20 мыңнан астам тыл еңбекері бар. Қала бойынша бұл қадірменді жандарға 145 ардагерлер ұйымы демеу жасайды.

Сара Тасеменова, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
Бұл қоғамдық ұйымдар көбіне кәрілік жеткен аға буын өкілдерінің денсаулығын жақсарту, әлеуметтік мұқтаждықтарын қамтамасыз ету сынды игі істерді жүзеге асырып тұрады. Қарт адамдарға жиі жетіспейтіні қарым-қатынас болғандықтан,  әңгімеге тартып кездесулер ұйымдастырылады.  

Десе де басын қырау шалып, таяқ ұстаған ардагерлер әлі де қоғамдық шаралардан шет қалып көрген емес. Олардың бастамасымен көптеген танымдық кітаптар басылып жатыр. Ардагерлердің құрметіне “Боздақтар”, “Жеңіс жауынгерлері” атты естелік кітаптары жазылды.

Сара Тасеменова, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
 Ардагерлер әрбір мерекелік шараның қадірменді қонақтары. Тіпті сенбіліктер сынды қоғамдық жұмыстарда жастармен қатар жүріп, үлгі көрсетіп өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, кеңес беруден жалықпайды. Әсіресе келешек ұрпақты отансүйгіштікке баулуда жасаған істері орасан зор.  

Өткен қайырымдылық сенбіліктерінен жиналған 7 млн теңгенің жартысынан астамы ардагерлер ұйымдарының  есепшотына аударылды. Қалған қаржы да ҰОС қатысушылардың мұқтаждықтарына жұмсалмақ.

 Жеңіс Ермұқанов