Ауыл шаруашылығы

Қала тұрғындары картоп отырғызуға кірісті

 

 

 

Садаковтар отбасы үстіміздегі жылы екі сотық жерге картоп салмақ. Саяжайшылар қоғамына жер алуға өтініш жазып тапсырды. Әрине, алдымен ұсынылып отырған қызмет түрлерімен танысып алды.

  Вера Захарова, «Саяжайшылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бухгалтері:

-Жердің әр сотығы үшін 200 теңге төлеу керек. Жерге орналастырушылар көзіңізше сіздің теліміңізді өлшеп береді. Ал күзет шілденің 15-нен қыркүйектің ортасына дейін жұмыс істейді.

Жері жыртылып, күзеті қойылса, аздап еңбектенуге болады.

  Галина Садакова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Ол жерге 4-ші а, 27 -ші бағыттағы автобустар жүреді. Бізге ыңғайлы. Сондықтан  жерді пайдаланып, картоп салмақшымыз.

Ал Қайырбек Дайыров бірнеше жылдан бері қалалық әкімдік ұсынған жерге картоп салып жүр. Есесіне қыста базардан картоп тасымайды.

  Қайырбек Дайыров, Петропавл қаласының тұрғыны: – Сол жерге үшінші жыл картоп салғалы отырмыз. Жері жақсы. Әзірге саяжайымыз жоқ, сондықтан жұмыстан кейін барып, еңбектеніп тұрамыз. Өткен жылы 1,5 қап салып, күзде 9 қап картоп жинап алдық.  

Саяжайшылар қоғамында өтініш қабылданып жатса, Солнечный кентінде жұмыс басталып кеткен. Алқаптың біраз бөлігі жыртылыпты. Жерге орналастырушылар телімдерді өлшеп те берген. Ендігісі күрек алып, іске кірісу. Жұмыс күні болғандықтан, шаруаға әзірге зейнеткерлер ғана келіпті. Дегенмен, демалыс күндері халықтың қарасы көбейетін түрі бар.
 

Тұрғындар:

– Жерді жақсы жыртыпты. Биыл төрт сотық алып отырмыз. Бізге жетеді.  
-Үстіміздегі жылы картоп өте қымбат.Көпшілігі сатып алды ғой. Ал осы жерден алған картобымыз қысқа жетті.
Тұқымдық та қалды.
Жер бөлу жақсы идея. Бұрындары кәсіпорындардың арнайы алқаптары болатын. Енді оларда да жер жоқ. Ал халыққа тамақ тауып жейтін жер керек қой.

Бұл жердегілердің барлығы бірнеше жылдан бері осы маңға картоп егіп жүргендер. Жердің мәнісін де біледі. Өткен жылы қаптап кеткен құрттан сақтанудың да жолын тауыпты. Әр шұңқырға ағаш күлін салса, жәндік те картопқа жоламайтын көрінеді.

Өткен қыста облыста картоп бағасы 200 теңгеге жетті. Әлі де аса арзандай қойған жоқ. Сондықтан қыс қамын жаз ойлаған ағайын қолға күрек алып, қырға шықты.

Әсем Рахметова