ТЖ

Петропавлда “Страна товаров” сауда үйінде өрт шықты

 
Өрт сөндіру қызметінің кезекші бөліміне дабыл сағат 14. 37 түскен. Оқиға орнына бірден арнайы техника жіберілді. Алдымен екі қабатты сауда үйінің шығыс жақ бөлігі ғана өртеніпті. Куәгерлердің айтуынша, өрт осы жерден шыққан көрінеді.

Владлен Горопов:
-Мен “Страна товаров” сауда үйінде жұмыс істеймін. Осы жерде сауда-саттық жүргіземін. Сауда үйінің өртеніп жатқанын көріп өрт сөндіргішпен отты ауыздықтауға тырыстық.  

Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Өрт сөндірушілер бұған қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Сатушылар болса, түрлі болжамдар жасауда.

 Ирина Бунчук, “Океан” дүкенінің сатушысы:
– Бұл маңда ұдайы маскүнемдер жүреді. Олар темекі шегеді,  жылда жазда қоқыс өртенеді.
Елена Кондратова, “Старан товаров” дүкенінің сатушысы:
– Қоқыстан үйдің төбесі өртенбейді.  Ол битумнан шықты, үнемі битум жағылады.

Санаулы минуттарда өрт үлкен аумаққа жайылды. Бұл ретте”Встреча” барының кез-келген минутта жарылуы мүмкін газ баллондары зор қауіп тудырды. Оқиға орнына бес бірдей өрт бөлімінің мамандары жетті. Тілсіз жауды ауыздықтауға 15 техника мен 50 -ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Сауда үйінің аумағы жедел түрде қоршауға алынды.

Антон Макаров, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
-Тәртіп сақшылары ереже бойынша жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын сыртқа шығарды. Кестеге сәйкес су жеткізілді, гидранттар ашылды. Барлық тиісті шаралар атқарылды.  

Сауда үйінде ісін дөңгелеткен жеке кәсіпкерлердің барлығы дерлік мүліктерін сақтандырмаған екен.
Біздің арнаның түсіру тобы сауда үйінің жанында болған екі жарым сағаттың ішінде өрт бой бермеді. Ғимараттың шатыры түгелімен өртеніп кетті. Тілсіз жау сауда үйінің орталық есігіне дейін жетті. Келген шығынның сомасы әлі анықталатын болады. Алдын-ала жасалған болжам бойынша, өрт 300 шаршы метрден астам аумаққа жайылған.

Айымгүл Әбілева