Бизнес және экономика

“Кәсіби бухгалтер” сертификаты


 

Залға өз істерін тамаша орындап қана қоймай, біліктіліктерін айғақтайтын сертификат иеленген есепші мамандар жиналған. Ақпанның 28-нен бастап бұл топ күнделікті түскі 2-ден кешкі 6-ға дейін 3 пән бойынша өз білімдерін толықтырды, конспект жазып, 120 сағаттық семинар сабақтарын тыңдады.

 Светлана Кенесарина, Киров атындағы зауыттың бас есепшісі:
– 3 сабақтан емтихан тапсырып, жақсы балл алып бүгін сертификат алып отырмыз. Оқу керек деп ойлаймын, алда пайдаланамыз осы алған білімімізді.

Кәсіби біліктілік пен жоғары білім жөніндегі құжат ендігі жылдың 1-қаңтарынан бастап барлық бас есепші үшін міндетті талапқа айналмақ.

 Галина Якимова, облыстық тері аурулары диспансерінің бас есепшісі:
-Мен денсаулық сақтау саласында 36 жыл қызмет жасап келемін.
Дегенмен осы оқу барысында көп білім алдым. Жаңа тұжырымдар, теориялар, жарлықтар мен ережелер. Мұның бәрі мен үшін аса қажет.

Сертификаттарды есепшілерге оқу орталығының директоры Гүлнәр Бекенова арнайы Астанадан келіп табыстады. Бұл «Зерденің» оқуын тәмамдаған Петропавлдағы екінші топ. Қолданылу мерзімі шектеусіз сертификаттар тура мағынасында да құнды. Бұл құжатты қолдан жасау мүмкін емес деуге болады.

 Гүлнәр Бекенова, «Зерде» оқу орталығының директоры:
– Сертификаттарды Ұлттық банктің банкноттар фабрикасында жасадық.
Оның 6 қорғау дәрежесі бар. Сондықтан кезкелген полиграфияда оны дайындау мүмкін емес.

Қазақстан көлемінде 300-ге жуық есепші біліктілігін дәлелдеп, осындай сертификатқа ие болды. Қазірде орталық жаңа оқу маусымына топ жинау үстінде.

Кәусар Аяпбергенқызы