Билік

«20 игі іс»

 

 

 

 

 

 «Сартомар» дегенде өзін қазақпын дейтін әр азаматтың есіне халықтың біртуар ұлы М.Жұмабаев түседі. Облыс әкімі бастаған топ алдымен мешітке соқты. Ауылдағы құдай үйінің жағдайы жаман емес, 2008 жылы М.Жұмабаевтың 115 жылдық мерейтойы қарсаңында мұнда күрделі жөндеу жасалыпты. Енді «20 игі іс» акциясының аясында мешіттің шатыры жаңарып қалды.  Тұрғындардың ден  саулығына жауап беретін медициналық пункт тура мағынасында тазалықтың үлгісі екен. Өңір басшысы оның үнемі осы жағдайда сақталуын тапсырды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында емдеу мекемесінің қабырғалары боялып, линолеум төселген. Бұл орталық ауылдағы 270 адамға қызмет етеді. Оларға тиісті медициналық көмек көрсету үшін жабдықтар жетерлік. Енді мұнда облыс әкімі тарту еткен физиокабинет те бар. Дегенмен ауылдың басты мақтанышы – алыстан арнайы іздеп, үздіксіз қонақтар келетін М.Жұмабаев мұражайы. Оның негізгі қорында 94 және қосымша 235 экспонат  бар. 2010 жылы оған 2 млн 369 мың теңге қаржы бөлініпті. Мұражай қорын облыс әкімі сыйлаған Мағжанның 100 «Туған жер», 100 «Батыр Баян» және 15 «Таңдамалы» кітаптары толықтырды.  Сондай-ақ жаңа телевизор мен компьютер де орнын тауып үлгеріпті. Мұражай директоры Айгүл Жүніспаева сый-тартуларды іске жаратуға дайын.

Айгүл Жүніспаева, мұражай директоры:

-Оқушылар келгенде «Батыр Баян» поэмасын, сосын тарихи мұражайда 100 жылдыққа материал бар, облыстық архивтен Мағжан туралы,  дискіге түсіріп көрсетемін.  

Мағжан Жұмабаевтың ауылдастары біртуар ақынның рухын барынша құрмет тұтып, оның есімін иеленген ауылды жан-жақты көркейтуге бір адамдай атсалысып келеді. Ал Серік Біләлов бастаған игі шара сартомарлықтарға жақсы қолдау болды.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Біздің облыста «20 игі іс» акциясы басталды.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған осы акция бәрімізге жақсы көмек жасайды. Аудан әкімдері мен мемлекеттік орган басшылары акцияны қолдады. Биыл 1300 игі жұмыс жасаймыз.  

Мағжан үйінің сол жақ қанатында орын тепкен орта мектептің спортзалында  оқу үрдісі қызу жүріп жатыр. Оқушылар өңір басшысы тарту еткен теннис үстелінің қызығын көруде. Сартомардың болашақ чемпиондарына сыйға тартылған 15 футбол, 15 волейбол, 15 баскетбол добы, 30 спорттық киім, 10 шаңғы тағы бар. Сондай-ақ биылғы оқу жылын оқушылар 45 жаңа партада отырып тәмамдайтын болды.  Ал ауыл тұрғындары мәдениет үйіне жиналды. Жақында үлгілі ауылдың тұрғындары арасында облыс әкімінің бастамасымен «Үздік аула» сайысы өткізіліпті.  Мұндағы  әр үйдің маңы тап-тұйнақтай таза. Дегенмен сайыстың 3 жеңімпазы анықталған. Оларды өңір басшысы марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Кездесу концертке ұласты.

 

Кәусар Аяпбергенқызы