Құқық қорғау органдары

Көлік тіркеудің жаңа жүйесі

 

 Владимир Анютин, көлік иесі:

-Жеңілдетілген форма бойынша көлік сатып алушы мен сатушы келісімді өздері жасайды. Мен саттым, ол алдым деп жазылуы керек. Ал жол полициясының қызметкері жеке куәлік бойынша жазылған ақпаратты тексеріп алуы керек.  

Владимир Анютиннің «Митсубисидің» рөліне отырғанына бірнеше күн ғана. Автокөлікті тіркеудің жетілдетілген жүйесі туралы естігеніне біраз болған. Бірақ көлігін тіркеуде бұл жолды таңдай алмады. Жол полициясы басқармасының қызметкерлері де сәуірдің бесінен енгізілген жаңалық жайлы ашып айтқан жоқ. Сондықтан көлік иесі сату-сатып алу келісімін нотариуста ресімдегенді жөн көрген. Әрине, бұл келісім бағасы да аз емес, 8 мың теңге. Енді қалған құжаттарын жинауға кірісті. Максим Шишкин де құжат жинаумен айналысып жүр.  

 Максим Шишкин, көлік иесі:

-Нотариуста 8-9 мың теңгеңді төлейсің. Осы жерде есептен шығару үшін тағы төлейсің. Яғни, көлік мінгің келеді екен, шығынын да көтере біл.  

Жаңа жүйе бойынша келісімді көлік сатушы мен сатып алушы жол полициясы басқармасында нотариустың қатысуынсыз еркін түрде толтыруы керек. Сондай- ақ, ендігі уақытта есеп- анықтама ресімделмейді.

  Бауыржан Қарабаев, СҚО ІІД ЖПБ тіркеу-емтихан жұмыстары бөлімі бастығының орынбасары:

-Келісім тіркеу-емтихан бөлімі қызметкерінің қатысуымен жасалуы керек. Қызметкер қол қойғандардың нақты сатушы мен сатып алушы екендігін көруі керек. Біздің қызметкерлеріміз қойылған қолдарды тексереді. Бұл жұмыстардың барлығы тегін жүргізіледі.

Басқарма басшылығының айтуы бойынша, жаңа жүйе бойынша тіркеу жақын күндері қолға алынбақ. Ал жұмысты сәуірдің 5-інен бастауға бірнеше кедергі болған. Үлкен кезек пен арнайы орынның жоқтығы үкімет қаулысын орындауға қолбайлау болып отырған көрінеді.

  Бауыржан Қарабаев, СҚО ІІД ЖПБ тіркеу-емтихан жұмыстары бөлімі бастығының орынбасары:

Бірқатар мәселелер бар. Ғимаратта сатушы мен сатып алушы қатар отыратын орын жоқ. Кейде қағаз толтырғандар қабылдау бөлмесіне де келеді.

Көлік тіркеушілер санының артқаны да жасырын емес. Үстіміздегі жылдың төрт айында облыс орталығында 9 мың автокөлік тіркелген. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімінде 7,5 мың көлік ресімделген. Дегенмен жол полицейлері жақын күндері сату-сатып алу келісімдерін ресімдеу жүйесін қолға алмақ. Арнайы бланкілер де дайын екен.

Әсем Рахметова