Қоғам

Жәнібек Кәрібжановпен кездесу

 

 

 

 

 Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов СҚО қарқынды түрде дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін ерекше атап өтті. Барлық салада өсім байқалады.

 Жәнібек Кәрібжанов,  ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
– Тәуелсіздік жылдары СҚО жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Экономиканың барлық саласы дамып келеді. Солтүстік өңір ірі астық экспорттаушы болып табылады. Облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Балабақшалар мен мектептер бой көтеруде. Сөйтіп, барлық мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып жатыр.

Облыс экономикасы мемлекетпен бірге дамып келеді дейді Жәнібек Кәрібжанов. Бүгінгі таңда еліміз дамудың индустриялық-инновациялық бағытына түсіп отыр. Өткен жылы республика көлемінде 152 жаңа өндіріс ошағы ашылып, 24 мыңға жуық жұмыс орындары құрылған. Үстіміздегі жылы тағы 207 жоба іске аспақ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға баса назар аударылуда. Индустрияландыру картасына ауыл шаруашылығында жүзеге асырылатын 80 жоба енгізілген. Бұл жұмыс агроөнеркәсіп кешенін дамытуда зор серпін бермек. Сондай-ақ Жәнібек Кәрібжанов Мәжілісте қаралып жатқан заң жобаларына да тоқталды. Бүгінде 160-тан астам заң жобасы талқыланып жатқан көрінеді. Олардың қатарында білім, ғылым, жер қатынастары, құқықтық реформаға қатысты құжаттар бар. Мұнымен қатар бизнестің мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалар қабылданыпты. Жиынға қатысушылар Мәжіліс төрағасының орынбасарына көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады.

Серік Алмолдин,  “Нұр Отан” ХДП СҚОФ жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес
жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы
:
Осы күні қолданыстағы «Мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнама» жемқорлық қылмысқа ешбір бөгет қоймайды деп айтуға болады. Бірақ сонымен қатар осы заңның негізінде көптеген білікті басшылар зардап шекті. Әрі қарай да жақсы кадрларды жоғалта бермекпіз. Сондықтан заңға өзгертулер қашан енгізілмек? Не болмаса тіпті қайтадан қарастыру қажет шығар.

Жәнібек Кәрібжанов,  ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
Бұл сұрақ көпшілікті толғандырады. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Мемлекеттік сатып алудың электрондық түрін енгіздік. Бұл шара жемқорлар үшін үлкен кедергі. Бірақ заңнаманы әлі де жетілдіре түсу қажет. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Егер ұсыныстарыңыз болса, оларды қарастыруға дайынбыз.

Зейнетақы жөніндегі заңнаманың да олқы тұстары баршылық.

  Григорий Кухарь, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Бір мысал келтірейін, азамат жолаушылар тасымалында 41 жыл еңбек етті. Жоғары марапат – Ленин ордені бар. Зейнетақысы бар болғаны – 24 мың ғана. Бұл қалай?

Жәнібек Кәрібжанов,  ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
Маңызды мәселе. Еліміздің әлеуметтік қамту жүйесі жиырма жыл ішінде талай мәрте өзгерді. Осылай жүйенің қалыптасуы жүрді. Сондықтан осындай проблемалар туындайды. Бұл жүйені түпкілікті тәртіпке келтіруді мақсат етіп отырмыз. Үлкен жұмыс атқару қажет.

Жиында айтылған барлық өтініш-ұсыныстар есепке алынатын болады.

Айымгүл Әбілева