Әр түрлі

Мереке қарсаңында қала жастары Жеңіс саябағында ағаш отырғызды

 

Василий Бидюнов – соғыс ардагері. 80-ң сеңгіріне шыққан қария әр таңын Жеңіс саябағында серуендеуден бастайды екен. Мұнда сүйікті орындығына жайғасып таза ауамен демалып отырғанды ұнатады екен.

  Василий Бидюнов, ҰОС ардагері:
– Мен осы жерде туып-өсіп, бақытты ғұмыр кешіп келемін. Саябақтың бұрынғы күйі мен бүгінгі әсем көрінісі жер мен көктей. Көз қуантып гүлденіп шыға келді. Күнде жастардың келіп жинастырып жатқанын көремін. Келешек ұрпақтың бізді ұмытпай, осындай саябақтың қызығына бөлену мүмкіндігін жасап жатқаны, әрине, қуанышты. Біздің соғыс жылдары кешкен күніміз олардың басына төнбесін деп тілеймін.  

Бейбіт өмір сыйлаған ардагерлердің құрметіне қайырымды ұрпақ бүгінде тазалық шарасын ұйымдастыруға шықты. Өткен сенбіліктерден соң Жеңіс саябағы қыстан қалған қалдықтар мен қураған ескі жапырақ, бұталардан толығымен арылып қалған. Игі шараға келген белсенді жастарға бұл төңіректе атқаратын шаруа қалмаған сыңайлы.

  Рүстем Есенбергенов,  «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
– Жалпы парктің жағдайы көз қуантады. Таза айналасы. Осы бағыттағы жұмыстарды біз жастар жалғастырамыз. Осы тарихты біз сақтап қалуымыз керек. Саябақтың гүлденуі біздің қолымызда. Яғни біз қалай қарасақ, сол қалпында болады.

Десе де жігерлі де белсенді жастар айнадай таза саябақты одан бетер гүлдендірудің амалын тапты. Комуналдық шаруашылықтармен бірлесіп ішін жасыл желекке толтыруға кірісіп кетті. Бұл күні барлығы 50 түп қайың көшеті отырғызылды. Көгалдандыру шарасына қаламыздың жоғары және орта кәсіптік білім беру ордаларының студенттері атсалысты.

 Ержігіт Қалиасқар, М: Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– ҰОС ардагерлерінің қатары жыл сайын сиреп барады. Бұл ағаштар естелік ретінде отырғызылды. Олардың ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз, біздің болашағымыз үшін жасаған.

«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі ” атты акция аясында бұл жастар сондай-ақ қалалықтардың өзге де сүйікті демалыс орындарына айналған саябақтарды абаттандыратын болады.

Жеңіс Ермұқанов