Әр түрлі

«Изолитте» соғыс жылдарындағы станоктар әлі сақталған

 

 

 

 
 

1941 жылдың желтоқсанында Мәскеу қорғаныс зауыты Петропавлға көшті. Зайтуна Гумирова сол қиын-қыстау кезде 16-ға енді толған қыз еді. Жасөспірім бірден жинақтау цехына жұмысқа тұрып, Ұлы жеңістің қамында ел қатарлы еңбек етті. 40 жылдық еңбек өтілінде Зайтуна апай жинақтаушыдан ауысым шебері, кейін бригадир қызметіне дейін көтеріліп, құрметті демалысқа шықты.

 Зайтуна Гумирова, тыл еңбеккері:
–  Әсіресе соғыс уақытында қиын болды. Кезекпен демалып, тәулік бойы еңбек еттік. Ол кезде шаршау дегенді білмейтінбіз. Қалжырайтын уақыт та жоқ еді. Станоктың қасында еңбек еткеннен кейін зауыттың құрылысына араласатынбыз.  Басты мақсатымыз  Ұлы жеңіске өз үлесімізді қосу болатын.

Сұрапыл соғыс жылдары Зайтуна Гумирова  коллекторлық миканит басқыш станогында жұмыс жасады.  Одан бері 70 жылдай уақыт өтсе-дағы құрылғы баз-баяғы қалпына жұмыс істеп тұр. Қазір енді Германдық “Голдвин” станогы сәл жетілдіріліп, бейбіт өмірдегі электр қозғалтқыштарының гүрілдеген дыбысын басуға қажетті миканит әзірлейді екен. Ал мына мұнаралы машина да басқыш станогының құрдасы. Зауыттықтар оны да істен шығармай, миканит бөлшектерін жинауға әлі пайдаланып жүр екен. Зайтуна Гумирова өмір бойы иық тіресіп еңбек еткен зауыт ардагерлерімен жыл сайын Ұлы Жеңіс күні қарсаңында бұрынғы жұмыс орнында кездесіп тұрады. «Изолит» зауытының басшылығы қадірменді қонақтарын дәстүрге сай кең дастарқан жайып қарсы алады. Көпшілігі тыл еңбеккері. Ал 50 соғыс ардагерінен бүгінде тек Алексей Ситников қана бар. Майдангер Мәскеу түбінен Берлинге дейін жетіпті. Кейін зұлым соғыс күйреткен экономиканы көтеруге қатысып, аталмыш зауытта еңбек етті.

 Алексей Ситников, ҰОС ардагері:
–  Алдымен жүргізуші болдым. Кейін механик, соңғы зейнет алдында ауысым кезекшісі болдым. 40 жылдық  еңбегім зая кеткен жоқ. Зауыттың бүгінгі қызметкерлері бізді ұмытпайды. Әрдайым сыйластық танытып қолдау жасап тұрады. Жиындар мен мерекелік кештердің қадірменді қонағымыз. Кеудем медальдармен көмкерілген, айналам немерелерім мен қайырымды жастарға толы. Бұдан артық бақыт жоқ шығар.  

Жеңіс Ермұқанов