Құқық қорғау органдары

Қаржы полициясында өткен баспасөз мәслихаты

 

 

 

 

Үстіміздегі жылдың алғашқы ширегінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 23 қылмыс тіркеліпті. Оның жетеуі көз қысты, бармақ бастылыққа қатысты. Биыл пара берген, оны қалтаға басқандардың саны былтырмен салыстырғанда 2 есеге артыпты.

 Рақымжан Ересов, СҚО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары:
– Қызылжар ауылдық округінің бас маманы Сабыров ет өнімдеріне ветеринарлық тексеріс жүргізгендігін растайтын анықтама беру үшін жүйелі түрде қомақты қаражат алып тұрғаны үшін айыпталып отыр. Облыстық қаржылық бақылау инспекциясының бас бақылаушысы Ташева құрылысшылардың қателігін жасырамын деп 100 мың теңге талап еткен. Қазір ол шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылды.  

Ал жер телімін беру үшін 3 мың АҚШ долларын қалтаға басқан Сергеевка қаласының бұрынғы әкімі 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот шешімімен 4 млн теңге көлеміндегі параны жеткізуде делдал болған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бұрынғы бастығы 7 жылға сотталды. 2011 жылдың алғашқы үш айында мемлекеттік мүлікті иемдену және ысырап ету бойынша 66 экономикалық қылмыс  тіркелген.

 Тірек Шамкенов, СҚО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бөлім бастығы:
– “Қазпошта” АҚ Аққайың аудандық филиалының директоры мен бас есепшісі кассадан 14 млн. теңгені ұрлағаны үшін айыпталуда. Қазір бұл іс соттың қарауына жіберілді.

Жыл басынан мемлекетке 112 млн. теңгенің залалын келтірген жалған кәсіпкерлікке қатысты 5 факті анықталды. Қазір қылмыстық істер қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ал 2008 жылы көлеңкелі бизнеспен айналысқан жалған кәсіпкерлердің істері сот қарауына берілген.

 Тірек Шамкенов, СҚО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бөлім бастығы:
– Исаков пен Бачуринге қатысты көпэпизодтық істі тергеп, соттың қарауына жібердік. Олар бірнеше жалған кәсіпкерлік нысандарын тіркеп, мемлекетке 8 млд. теңгенің залалын келтірген. Кеңселерін тінту барысында 43 кәсіпорынның құжаттары мен мөрлері табылды. Сонымен қатар биыл 10 алаяқтық фактісі әшкереленді.  

Барлығы 2011 жылдың бірінші тоқсанында қаржы полицейлері 87 қылмысты анықтаған. Мемлекет пен азаматтарға 21 млн. теңгеден астам залал қайтарылды.

Жеңіс Ермұқанов