Әр түрлі

Ардагерлермен кездесу

 

 

 

 

Жастармен кездесуге соғыс және еңбек ардагерлері келген. Қариялар қиын-қыстау кезеңде бастан кешкен оқиғалары жайлы әңгімеледі. Петр Гноевых “Жеңіс сарбаздары” кітабын құрастырушылардың бірі. 1943 жылы 18 жасында атқыштар әскеріне шақыртылыпты. Сол заманның ащысын мен тұщысын бірдей көрген зейнеткер өзінің басты арманы орындалып, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлағанына қуанышты

  Петр Гноевых, Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Қазір бейбіт елде өмір сүріп жатқанымыз үлкен бақыт.
Біздің көргенімізді ұрпағымыз көрмесін деп әрдайым тілеп жүремін.   

Жиылғандар Отан үшін жанын пида еткен жауынгерлер мен еңбек ардагерлерін еске алды. Ұлы Отан соғысы туралы деректі фильмдер, слайдтар көрсетіліп, патриоттық сарындағы әндер шырқалды. Майдан жайлы әңгімелерді мектеп оқушылары, колледж студенттері және болашақ әскерилер ұйып тыңдауда. Әскери мамандықты таңдаған Мұрат Арыспаев осындай кездесулердің берер пайдасы мол екендігін айтады.

  Мұрат Арыспаев,  ҚР ІІМ ІӘӘИ курсанты:
Бұл ісшара қазіргі жасөспірімдерге үлкен көмегін тигізеді деп ойлаймын. Өздерінің отанына деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін оятады.

Кездесу соңында С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері қонақтарға құрмет көрсетіп, гүл сыйлады.

 Айдана Демесінова