Билік

Қызылжар ауданына жаңа әкім тағайындалды

 

 

 

 

Қызылжар аудандық мәслихатының кезектен тыс сесиясына 12 депутат қатысты. Күн тәртібінде  – ауданның бұрынғы басшысы Қайрат Пішембаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қызылжар ауданының жаңа әкімін тағайындау мәселесі.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
–  ҚР Президенті әкімшілігінің келісімімен Қызылжар ауданының жаңа әкіміне Виктор Григоривич Рединнің кандидатурасын ұсынамын. Оның еңбек өтілі мен білімі бұл лауазымды қызметті абыройлы атқаруға жеткілікті деп санаймын. Ауыл шаруашылығы саласы мен заңгер мамандықтары бойынша жоғары білімі бар.  

Бүгінде Виктор Редин «Вагулинское» ЖШС директоры. Ол ұзақ уақыт бойы бұрынғы Соколов ауданындағы «Ленин» совхозының директоры қызметін атқарды. Аудандық мәслихаттың депутаты. Халық қалаулылары жаңа әкімнің кандидатурасын бір ауыздан қолдады.

 Аяз Рамазанов, Қызылжар аудандық мәслихатының депутаты:
– Жерлесіміз  Виктор Григорьевич әрдайым ортамызда жүріп, ауданның мәселелерін шешуге бұрыннан белсенді адам. Ішкі жағдайды жақсы біледі деп айта аламын. Шаруашылығы да үлгі тұтарлық алдыңғы қатарда.
Ауданды да игі істерге жетелейтініне сенімдімін.   

Кейін өңір жетекшісі жаңа әкімді аудан активіне таныстырды . Жиында Серік Біләлов лауазымды қызметке тағайындалған Виктор Рединге бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпал жасау, салық базасын ұлғайту, бюджетті қатаң бақылау, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, таза ауыз су мәселесін шешу, көктемгі егіс науқанына уақытында шығуды қамтамасыз ету керек. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласын алға тартатын инновациялық жобаларды қолға алыңыз.  

Виктор Редин өзіне  көрсетілген сенімді абыройлы атқарып, алдына қойылған міндеттерді мінсіз орындауға бар күшін жұмсайтынын жеткізді.

  Виктор Редин, Қызылжар ауданының әкімі:
– Енді не атқарсақ та бірге еңбек етеміз. Сондықтан бірлесе көтерген жүк жеңіл демекші баршаңызды бірге игі істер атқаруға шақырамын. Қолымнан келгенді аямай, ауданның гүлденуіне сіздерді бастап, жетелеуге барымды саламын. Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын.   

Қайрат Пішембаевтың басқаруымен  Қызылжа ауданының өндірісі үш жылда 20 пайызға, кіріс 25 пайызға артқан. Егіс алқаптары 11 мың га ұлғайды. 32 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді

  Қайрат Пішенбаев:
– Істейтін жұмыс әлі көп. Әлі шешілмеген мәселелер бар. Соның бәрін жаңа тағайындалған әкіммен бірге шешіп, әлі де талай жетістіктер мен табыстарға жетесіздер деп ойлаймын.
Сондықтан сәттілік тілеймін. Еліміз, облысымыз, ауданымыз дамысын. 

Ал Виктор Редин жаңа лауазымына 4 мамырдан кірісіп кетті.

Жеңіс Ермұқанов