Өнеркәсіп

Әріптестік туралы үшжақты меморандум жасалды

Облыстағы зауыттар еліміздегі машина жасау саласының негізін құрайтын өндіріс орындарына айналған. Бүгінде жергілікті кәсіпорындардың тұтынушысына ұсынары мол.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

-Біздің облыс  аграрлы өңір саналады. Еліміздің астығының үштен бір бөлігі осы облыста өсіріледі. Сондай-ақ  «ЗИКСТО», «Петропавл ауыр машина жасау зауыты», «Киров атындағы », «Мұнаймаш» сияқты өндіріс орындары еліміздің машина жасау саласындағы негізгі кәсіпорындарға айналды. Индустриялық- инновациялық даму бағдарламасына да осы зауыттар қатысып жатыр. Өткен жылы Елбасы біздегі жүк вагоны өндірісінің тұсаукесерін жасаған.  

«Арселор Миттал Теміртау» АҚ-нан жергілікті кәсіпорындар шикізат алып тұрады. Болашақта Петропавлдағы өндіріс орындарында қосалқы бөлшектер жасау да жоспарланған. Қонақтар өңірдегі кәсіпорындардың болашағы зор дейді.

  Франк Паннир, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Бас директоры:

-Мен Петропавл зауыттарының әлеуетін көрдім. Біздің зауыт үшін қосалқы бөлшектер, агрегаттар жасау сіздердің қолдарыңыздан келеді. Сондықтан бірлесе жұмыс істеу керек. Осылайша Президент Нұрсұлтан Назарбаев қойған отандық құрамды көбейту тапсырмасын орындай аламыз.

Солтүстікқазақстандық зауыттар «Қазақстан теміржолы» үшін де қондырғының сан түрін жасайды. Жылдан- жылға кәсіпорындардың қуаты артып, сапа да жақсарған.

  Мақсұт Исахов, “ҚТЖ”ҰҚ” АҚ филиал директоры:

 -2008 жылы біз СҚО 14 кәсіпорнымен 1 миллиард 58 миллион теңгенің келісімін жасағанбыз. Ал үстіміздегі жылы 12 миллиард теңгенің тауарын алмақшымыз. «ПЗТМ»,  «Киров атындағы»,  «ЗИКСТО» зауыттарымен әріптестігіміз жақсы жолға қойылған.

Петропавл тауар өндірушілері отандық ірі кәсіпорындар үшін вагон да, қосалқы бөлшектер де, тіпті каскаларына дейін де шығарып бере алады. Касканың бірі «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директорына тапсырылды. Ал аталған кәсіпорын үстіміздегі жылы петропавлдық зауыт үшін вагон құймасын өндіріске қоюы керек. Жылына 5000 вагонкешені мен 1000 жартылай вагон үшін құйма келесі жылы сертификатталуы тиіс. Бұл жұмыстар жайында қол қойылған келісімде айтылған. Ал  Петропавлда «Арселор Миттал Теміртау» үшін өзге де қосалқы бөлшектер жасау мүмкіндіктерін анықтап, нақты шешімге  мамандар бір аптаның ішінде жетпек.

Әсем Рахметова