Әр түрлі

Почта қызметінің ардагері

 

 

 

Қарапайым ақ қағаз соғыс кезінде үшбұрышты хатқа айналып, әр үйге орасан қуаныш, не орны толмас өкініш әкеліп отырған. Сол кезде жүздеген қап хаттарды әр мекен-жайға дұрыс табыстау пошта қызметкерлеріне жүктелген ауыр міндет болатын.
Майдандағы жауынгердің шексіз сағынышы, туған-туыс,  ана мен сүйікті жарға деген ыстық сәлемі жазылып, қаншама жанның көз жасы тамған осы үшбұрышты қағаздар қазір тек мұражайдан ғана табылады. Соғыс жылдарында Петропавлдан майдан  даласына 8000-нан астам вагон, 10 мыңдаған хаттар жіберіліп, соншасы кері қайтатын. Германия, Украина, Мәскеу түбінен келіп жететін сол қағаздарды қарсы алып, тиісті жеріне жеткізудің бар қиындығы тек пошта қызметкерлеріне ғана мәлім.

 Береке Шопенова, почта байланысы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы:
– Соғыстан келген хаттарды әрбір адресатқа табыс ету өте қиын болды. Онда адамгершілігі мол, патриот адамдар жұмыс істеді. Бұл хаттың ішінде жақсылық па, жамандық па ешкім білмейтін еді.  

Сарғая күткен иесіне хатты тезірек жеткіземін деп күні-түні дамыл таппай еңбектенген пошташылардың дені өрімдей жас қыз балалар болды. Биылғы Ұлы Жеңістің 66-таңын олардың 3-уі ғана қарсы алатын көрінеді. Солардың бірі Мария Стабровскаяны әр мейрамдағы әдет бойынша өзі бар ғұмырын арнаған пошта қызметкерлері келіп құттықтады. Хат тарату ісіне Мария Стабровская 16 жасар кезінен, сонау 1944 жылы кірісіпті. Сол 50 жыл көлемінде ауыр сөмкені арқалап жүруден бұрын мен үшін біреудің қуаныштан, біреудің қайғыдан төгілген көз жасын көру ең қиыны осы болды дейді қарт ана.

 Мария Стабровская:

-Кейбірі хаттарды айлап, жылдап күтеді, әрдайым тосады. Біз жақындап келгенде үйлерінен жүгіріп шығып хат бергенше асығады. Сонда ішінен «Мен тірімін, аманмын» деген жолдар шыққандағы олардың қуанышын көру біз үшін де шексіз бақыт болатын. Ол сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Бір қызығы, Стабровскийлер әулетінің мүшелері түгелімен дерлік пошта саласында қызмет еткен. Қария санап та қойыпты, әр туысының жұмыс істеген жылдарын қоса келгенде бұл әулет пошта қызметіне 210 жылын арнапты. Ал Мария Стабровская олардың соңғы өкілі.

Кәусар Аяпбергенқызы