ТКШ

Петропавлда энергия үнемдеу мәселесіне арналған семинар өтті

 

Бүгінгі таңда тұрғын үй қорында энергия үнемдеу мәселесі өзекті тұр. Сараптама кезінде жылудың шамамен 20-30 пайызы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, қабырғасы және терезесі арқылы жоғалатыны анықталған. Осылайша қазіргі уақытта көппәтерлі тұрғын үйлер жылу энергиясын ең бейберекет пайдаланатындардың қатарында болып отыр. Бұл түйіткілдің шешімі он жылға межеленген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасында қарастырылған. Бағдарламаның екінші бағыты көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуді көздейді. Жөндеу жұмыстарының шеңберінде тұрғын үйлерге терможаңғырту жүргізілмек. Бұл шара отыз пайызға дейін энергия үнемдеуге мүмкіндік береді дейді мамандар.

 Антон Макаров, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
-Үйлерге автоматтық жылу пункттерін орнату керек. Облыс орталығында осы жүйелер орнатылған баспаналарда төлем 25-30 пайызға дейін қысқарған. Автоматтық жылу жүйесі тиімді болу үшін тұрғын үйдің шатырын, жылу жүйесін жөндеу қажет.

Кездесуде пилоттық жоба таныстырылды. Бостандық көшесіндегі 11 үй 1963 жылы салынған. Бүгінде бес қабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбетін жөндеп, жылу жүйесін ауыстыру қажет. 60 пәтерлі баспанаға күрделі жөндеу жүргізу үшін 16,7 млн. теңге керек. Бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыны тұрғындар қайтарады. Келісімшартпен белгіленген мерзім ішінде пәтер иелері банкте ашылған жинақтаушы есепшотқа ай сайын төлем жасайды. Бұл заңмен міндеттелмек. «Тұрғын үй қатынастары жөніндегі » заңнамаға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Егер тұрғындар төлем жасамайтын болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Сонымен қатар кондоминимум нысандарын тіркеу тәртібін жеңілдету көзделіп отыр. Коммуналдық төлемдерді өтемейтін борышкерлерге қатаң шаралар қолданылатын болады. Тағы бір жаңашылдық – үйді күтіп ұстау бойынша техникалық қызметтердің бір бөлігі кәсіби сервистік компанияларға берілмек.

  Ержан Мұсабеков,  «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы» АҚ бас маманы:
Қазір КСК бүкіл функцияларды өзі істесе, өзі жөндеу жасап, өзі басқарып, енді басқару КСК-да қалады да, ремонтты – сервистік компаниялар құрылады,  солар жасайды.

Пилоттық жобалар Қарағанды, Шымкент, Ақтау қалаларында сәтті жүзеге асып жатқан көрінеді.
Жалпы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау нәтижесінде республика бойынша күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлердің үлесі 2015 жылға қарай 32-ден 22 пайызға төмендесе, он жылдан кейін бұл көрсеткіш 10 пайызға жетпек.

Айымгүл Әбілева