Мәдениет

Саябақта би алаңы ашылды

 

 

 

 

Мәдениет және демалыс саябағындағы би алаңы осымен үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы да жастық шақтың әуенін естіп, вальс билеуге келгендер аз емес. Би алаңқайын ұйымдастыруда аға буын өкілдерінің  талғамдарына ерекше көңіл бөлініпті.

  Нелли Синельник, Петропавл қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары:

-Біздің ардагерлеріміз көктем , жаз айларында демалып, көңіл көтеріп, денсаулықтарын дұрыстап алса дейміз. Алаңға кірген қарттар жарты сағаттан кейін өзгеріп шыға келеді. Көздері күлімдеп, жарқырай түседі. Бұл жерде ардагерлеріміз бір-бірімен араласып, жасарып кеткендей болады.  

Би алаңына кіру тегін. Өткен жылдары белсенділігімен көзге түскендер бұл жолы да ерекшеленді. Алаңның ортасына би мәнерін жақсы білетіндер шыққан. Өзгелері әңгіме -дүкен құрып, қауқылдасып жатады. Полина Лебедева мен Виктор Киселев сенбілік әр би кешін босатпайтындар қатарында.

  Полина Лебедева:

– Би алаңында бір аптаға жетер күш -жігер аламыз. Денсаулығымыз жақсарып, көңіл-күйіміз көтеріледі. Әр сенбіні асыға күтеміз.
  Виктор Киселев:

– Мен 50 жылдан бері биге әуеспін. 1953 жылы техникумда би үйірмесіне қатысқанмын. Менің жұбайым да сол кезде би үйірмесіне қатысатын.  

Ал жетпістің жетеуіне шыққан Сайдаш Ғайсин өзінің жастық шағындағы әуендерді жазбай таниды. Би алаңына шыққанда кез-келген жастың өзін жолда қалдырады.  Би алаңының ашылуына облыс орталығының шығармашылық ұжымдары қатысты. Өнерпаздар да қай кезеңде болмасын көңілден де көкейден де кетпейтін әндердің әуездісін таңдапты.

 Әсем Рахметова