Әр түрлі

«Жеңіс жауынгерлерінің» кезекті томы шықты

 

 

 

 

Қанат Жакетов бұл кітапты 1 жыл күтті. Ал қолына ала бергенде көз жасын тия алмады. Кітапта оның әкесі Қайырбек Жакетовтің суреті бар және ол жайында бірқатар мәлімет берілген. Бірақ сол санаулы сөйлемдердің өзі майдангер ұрпағы үшін бағасыз қазына.

 Қанат Жакетов:
– Қуанып, өзімді зорға ұстап тұрмын. Өте ризамын. Қазақстанда бұл жалғыз кітап қой.

Оқырманын көп күттірген құнды кітап 1500 данамен шықты. Онда 2 020 майдангер жайлы мәлімет  бар.  Жалпы соғыс шебіне біздің өңірден 26 838 азамат шақырылса, жауды жеңіп 14 900 сарбаз туған елге қайта оралған. Соның ішінен  6 516 ардагердің есімі кітаптың алғашқы 3 томында аталады.

 Байымбет Исенов, «Жеңіс жауынгерлері» кітабын шығарушы қалалық жұмыс тобының жетекшісі:
– Материал жинағанда қиындықтар болды. Туған-туысқандары арқылы телефонмен іздедік. Көбі басқа жерлерге көшіп кеткен. Қазір қалған 7 жарым мың адамды тауып, 4 том шығаруға материал жинап жатырмыз .

 

Бүгінгі күні қалада не бары 337 қария өзі қорғаған  бейбіт күннің шапағатын көріп жүр. Сондықтан кітаптағы мәліметтер соңында «жерленген» емес, «тұрып жатыр» деген сөзді бірен-саран ғана кездестіруге болады. Соның бірі Қасым Жүнісов.  
Қасіретті 1941 жылы  ол 21 жастағы желкілдеген жас екен. Әскер қатарына шақырылып, қан майданда өткізген әр күні, әр сағаты кешегідей оның көз алдында жатталып қалыпты.

 Қасым Жүнісов,  ҰОС ардагері:
– 4 қаңтар күні сағат 9- да жараландым. Мені 1 солдат танып, госпитальға алып кетті.  

 

«Құрмет», «Қызыл жұлдыз» ордендерінің, ондаған медальдардың иегері, соғыс және еңбек ардагері Қасым Жүнісов бүгінде 4 баланың әкесі, 4 немере мен 2 шөберенің сүйікті атасы. Ол жұбайы Иранбағы апамен 61 жыл отасыпты. Осы күнге дейін қария қол қусырып отыруды әдетке айналдырмадым дейді. Ол облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі және 21 жыл қатарынан өзі құрған ардагерлер клубына жетекшілік етеді. Сондай-ақ Қасым Жүнісұлы тағы бір үлкен отбасының мүшесі екен.

 Қасым Жүнісов, ҰОС ардагері:
-Балалар үйінде өзімнің  отбасым бар, 6-шы отбасы . Сол балалармен ақыл-кеңесімді айтып кездесіп тұрамын.

Алдағы Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында Қасым ата жас буынмен кездесіп, өткен күндердің өнегесінен сыр шертемін деп жоспарлап отыр.

Кәусар Аяпбергенқызы