Ауыл шаруашылығы

Өңір басшысының жұмыс сапары

 

 

 

Алдымен облыс әкімі Серік Біләлов Есіл ауданының Покровка және Таранғұл ауылдық округтарындағы диқандардың егіс науқанына дайындығымен танысты. Мұндағы алқаптардың 1 метріне 170 мм ылғал жиналыпты. Қазір ауыл тұрғындары ылғал тоқтату жұмыстарын жүргізіп жатыр. “Атамекен-Агро-Есіл” ЖШС биыл 22 мың га дәнді дақылдар егуді жоспарлап отыр. Бұл округтағы барлық егіс алқаптарының 95 пайызы екен. Сондықтан серіктестік басшылығы жердің кеуіп кетпеуінің амалын ерте бастан қарастыруға кіріскен.

 Ермекбай Айдарбеков, “Атамекен-Агра-Есіл” ЖШС директоры:
– Қазіргі күні 22 мың га жердің 12 мыңында ылғал ұстадық.17 агрегат жүріп жатыр. Күніне 2000, 2200 гектар  өңдейміз. Уақыт келді, бар техникамен осы алқапта жұмыс істеп жатырмыз. 5 күннің ішінде аяқтаймыз.

“Агрохимсноб” ЖШС де бүгінде 10 мың гектар жердің 60 пайызын бораналап үлгеріпті. 14 трактордың қуаты күніне 700 гектар аумақты тырмалауға жетеді екен. Бұл серіктестіктегі бар алқаптың 15 пайызы. Директор  Василий Шкодин бұндай қарқынмен өңдеу жұмыстарын мамырдың 5 дейін тәмамдамақшы. Облыс әкімі Серік Біләлов  агроқұрылым жетекшілерінен тұқым жайын да сұрап білді.  Бұдан соң өңір жетекшісі Корнеев және Заградов ауылдық округтерінің егіс алқаптарын аралады. Бұл жерлердегі 50 мың гектардан артық аумақта 9 серіктестік пен 19 шаруа қожалығы еңбек етеді. Бүгінде бар алқаптьың 50 пайызында ылғал жабылыпты. Серік Біләлов агроқұрылым басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Біз қысқы қар тоқтату жұмыстарын жақсы атқарып шықтық. Ылғал бар. Бірақ ауа райы 19-20 градус жылы, жер лезде кеуіп кетеді. Сондықтан ылғал жабу жұмыстарын тездету керек. Мамырдың 15-17 жаппай  егуге шығамыз.
Тұқым, жанар-жағар май мәселелері шешілді. Енді тек маңызды науқанға жақсылап сайланып, кешенді жұмыстарға кірісу қалды.  

Өңір жетекшісі ат басын Есіл ауданындағы Ясновка,   Волошин ауылдық округтеріне бұрды. Бұл округтердегі 4 серіктестік ылғал тоқтату жұмыстарының 75 пайызын атқарып қойыпты. Бораналауды 2 күннің ішінде бітіруді көздеп отыр. Есіл ауданының маңызды науқанға дайындығына оң баға берген облыс әкімі Шал ақын ауданында бұндай белсенділікті байқай алмады. “Асылхан-Агро” ЖШС ауданның ең ірі агроқұрылымы саналады. Шал ақын ауданына қарасты12 округтің 9-да егін егіледі екен. Ал бүгінде 100 мың га егіс алқабына 10 техника ғана шыққан. Бүгінде жердің 5 пайызы тырмаланыпты. Оның 20 мың гектары дән егуге мүлдем жарамсыз, арамшөп қаптап кетіпті. Әбден тозығы жеткен ескі техника да істен шыққан. Оларды жөндейтін саймандар әлі келмепті.

– Мына трактормен қашан шығасыз?
– Енді доңғалағы жоқ, тағы бір саймандары келгенше.
– Шыққанша жарты ай өтеді ғой.
– Енді барынша қимылдап жатырмыз.  

Егіс науқанына 2 апта қалды. Ал қолды уақытынан кеш сермеген серіктестік басшылығы жұмысшыларының жалақысын да әлі өтемепті. 2 айлық қарызы бар. Облыс әкімі Серік Біләлов “Асылхан-Агро” серіктестігінің көктемгі егіс науқанына дайындығын қатты сынға алды.

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Біз сіздерді шақырып бұл мәселені кеңінен талқылаймыз. Ал биылғы егіс науқанына қатысты мәселелерді шешетін уақыт қалған жоқ. Ендігі әрекет тек мүмкіндіктеріңше егін себіңдер. Егер бұл жолы да түк шықпаса, серіктестікті биылдан қалдырмай жабудан басқа амал қалмайды. Сондықтан бүгінгі мүшкіл жағдайды одан бетер ушықтырып алмаудың бар мүмкіндіктерін пайдаланыңдар.

Сондай-ақ облыс әкімі Серік Біләлов Шал ақын ауданының Сухорабов пен Аютас ауылдық округтерінің диқандарымен де кездесті. Ондағы шаруа қожалықтарының көктемгі егіс науқанына әірліктері әлдеқайда жақсы.

Жеңіс Ермұқанов