Қоғам

Ат жарыстары маусымы ашылды

 

 

 

Бәйге десе елеңдеп тұратын жанкүйерлерді жинаған  ат жарысқа 50-ден астам арғымақ иесі қатысты. Дүбірлі додаға облысымыздың әр ауданынан ең жүйрік тұлпарлар жиналған. Шабандоздар бәйгенің 7 түрінен сынға түсті.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Облысымызда асыл тұқымды жылқы өсіруге байланысты жұмыс атқарылуда. Бәйге басын бермес тұлпарларымыз әр түрлі жарыстарда жеңімпаз танылуда. Шабандоздарға сәттілік тілеймін.

Қазақтың көне ойыны қыз қуу аяқталысымен ауыздығымен алысқан алғашқы 6 арғымақ қатар түзеп, ұшқыр бәйге жарысына шықты. Көрерменнің қолдауымен бәйгеге қосылған «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар»  желмен жарысып, құйындатты. Нағыз жүйріктердің легі алғашқы айналымдардан кейін байқала бастады. Бірінші айналымда-ақ  Артем Погребновтың Дартуары өзгелерден оқ бойы озып, мәре сызығын бірінші болып кесті.

 Артем Погребнов,  шабандоз:
Менің қуанышымда шек жоқ. Бұл әлі соңғы жарыс емес, сондықтан бізді талай жеңістер күтіп-ақ тұр.

Әр айналым жеңімпазы бірден дипломмен марапатталып, сыйға ақша алып отырды. Көрермендер қызықты да, тартысты жарыстан көп  әсер алды. .
 
Жанкүйерлер:

-Ат жарысы жақсы. Адамдар ұту үшін емес, қызық үшін келеді.
– Бәйге біздің көне жарысымыз. Осындай жарыстар жиі өткізіле берсін.
– Мен осы жарысты жақсы көремін. Тұлпарлар мықты.

Жарыс қызығы тұлпарлар аламан бәйгеге шыққанда басталды.   10 мың метр қашықтықтан  10 арғымақтың  тек 4 ғана мәреге жетті. Өзгелері орта жолда қалды. Бірінші орын Уалиханов ауданына бұйырды. Фигуристка  атты  сәйгүлік жарыс жолын 13 минут 11,2 секундта бағындырды.

 Арман Старцев, шабандоз:
Жеңгеніме қуаныштымын. Қиын болса да тырыстық. Жарыс алдында көп дайындалдық. Атым жақсы. Бұрындары да талай жеңіс сыйлаған.

Гүлден Сәрсенбаева