Билік

Ұлттық-мәдени орталықтар марапатталды

 

Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлік  пен татулықты тірек еткен мемлекеттің дамуына үлес қосушы күшке айналған. Қиындық пен қуанышта алдымен осы ұйым алға суырылып шығып, еліміздегі сан ұлттың басын біріктіріп, ұйытып отыр. Тәуелсіздіктің  20 жылдығына арналған шаралар, Азияда – барлық мерекелердің басы-қасында Ассамблея мүшелері жүрді.

 Сергей Бородин, СҚО Қазақстан халқы ассамблеясы секретариатының хатшысы:

-Соңғы жылдары Ассамблея ғылыми тұрғыдан біраз жұмыстар атқарып жатыр. Ұйым мүшелері әлеуметтік мәселелерді, қолөнерді дамыту жобаларын қолға алуда. Жастар , гендердік саясат деңгейін көтеру ісіне де араласпақшымыз.

Тәуелсіздіктің тығырыққа толы алғашқы жылдарында аянбай еңбек еткен орталық жетекшілері ендігі міндет қол жеткен табыстарды еселеу екендігін әсте естен шығарған емес. Жыл өткен сайын Ассамблеяның құрамымен қатар, міндеттері де молайған.

  Раиса Бикмухаметова, “Дуслық” татар-башқұрт қоғамдық орталығының төрайымы:

-Еліміздегі осы тыныштық пен бірлік үшін әр ұйым өзінше үлес қосты. Президент қойған оң бағыттың, ассамблея жұмысының арқасында татулықта өмір сүріп жатырмыз. Осы жолдан таймауымыз керек.  

Ассамблеяның жеке қаржы қоры болуы тиіс. Облыстық Ассамблеяның төрағасы Серік Біләлов бұл мәселе мамыр мерекелерінен кейін қарастырылатынын айтты. Орталық жетекшілері «20 игілікті іс» акциясына да үлес қосулары тиіс.

Серік Біләлов,  СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы , СҚО әкімі:

-Кейбір басқарма басшылары жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар , аз қамтылған отбасылар үшін Астана қаласына саяхаттар ұйымдастырмақшы. Бұл да үлкен шаруа. Тәуелсіздік стелласын орнатпақшымыз.

Жыл бойы этно-мәдени орталықтар белсенді жұмыс істеді. Ендеше әр жетекшінің еңбегі еленуі тиіс. Серік Біләлов барлық орталық төрағаларын ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Бұдан кейінгі әңгіме Достық үйі жанындағы алаңда жалғасты. Әр ұлттық мәдени-орталық атынан ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл шаруаны да жетекшілер бірлесе атқарды.
Әсем Рахметова