Балалар

Бірлігі жарасқан ұжым

 

Интернат ұжымы Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлауды дәстүрге айналдырған. Мұнда түрлі ұлт өкілдері ем алып жатқандықтан ынтымақтастық пен ауызбірлік мерекесін ерекше атап өтеді.

Нариман Ақзамов :
– 2007-ші жылдан бері мен осы жерде ем алып жатырмын. Мұнда қазақ, орыс, неміс жолдастарым бар. Әр ұлттың ұлттық мерекесін бірге тойлаймыз. Бүгін баршамыздың ортақ мерекеміз. Себебі интернатта бәріміз бірлікте өмір сүреміз.  

Интернат тәрбиеленушілері мерекелік концертті М.Жұмабаев атындағы колледждің студенттерімен бірге әзірлепті. Өнерлі жастар бірлескен бағдарламаны 2 апта бойы дайындаған. Нәтиже жаман емес. Әсем билері мен шырқаған әндері үндесе шықты. Нұрбек Темірбеков орта кәсіптік білім беру мекемесінде әлеуметтік қызметкер мамандығын меңгеруде. Ол осы жерде алғашқы тәжірибеден өтті. Мен үшін бастысы – бауыр басып қалған жеткіншектердің көңілдерін көтеріп шат күлкіге бөлеу дейді Нұрбек.

 Нұрбек Темірбеков:
-Біз әрдайым оларға келіп отыруға тырысамыз. Мерекелерді бірге тойлаймыз. Бүгінгі бірлескен концертіміз осының жемісі.  

Сондай-ақ мерекелік кеште елімізді мекен ететін түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрінен сыр шертер қойылымдар сахналанып, ұлттық ойындар ойналды. Ал келесі мерекеге бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерді шақыру жоспарланыпты.

 Жеңіс Ермұқанов