Білім

Білім жүйесінде инновациялық технологияларды қолдану аясы кеңейді

 

 

 

 

Бүгінгі таңда білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білімнің халықаралық талаптарын меңгерудің маңызы үлкен. Өйткені  бұл жас ұрпаққа сапалы білім берудің негізі болып табылады. «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығына түскен жастарды оқытуда инновациялық технологияларды қолданудың мәні тіптен айырықша. Бүгінгі күні кафедра оқытушылары білікті мамандарды даярлауда жаңа бағдарламаларды кеңінен пайдаланады. Мұнымен қатар заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған он бес зертхана да үлкен көмек. Бұл жерде студенттер теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдайды.

  Виктор Ивель, «Радиоэлектроника және телекоммуникация» кафедрасының меңгерушісі:

-Біздің кафедра екі бағыт –  радиотехника  және  телекоммуникациялық жүйе  бойынша мамандар даярлайды. Оларға 15 оқытушы дәріс оқиды. Бір техника ғылымдарының докторы, 4 кандидат және екі магистр. Өткен жылы үш жас маман диссертация қорғап, ғылыми атақ алды. Айту керек, университетте ғылыммен айналысуға жағдай жасалып жатыр.

Жыл сайын кафедра оқытушылары еліміздегі жоғары оқу орындарында біліктіліктерін арттырады. Үстіміздегі жылдан көрші Ресейде курстан өту мүмкіндігі туған. Техника ғылымдарының докторы Виктор Ивель өзі жақында ғана Мәскеу түбіндегі жоғары оқу орындарының бірінде біліктілігін арттырып қайтыпты. Бұның барлығы мемлекеттің білім мен ғылымға жасап отырған үлкен қолдауының айқын айғағы дейді профессор.  Айту керек, студенттердің де ғылымға деген қызығушылығы зор. Жыл сайын олар республикалық ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындарға ие болады.

  Александр Шарапов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ колледжінің студенті:
-Зертханаларда біз ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамыз. Қазіргі заманғы қондырғылармен жұмыс жасаймыз. Бір сөзбен айтқанда, ғылыммен айналысуға мүмкіндік мол. Тек ынта болса болғаны.

Кафедра оқытушыларының бірқатар жобалары қаладағы кәсіпорындарда сәтті жүзеге асқан. Ал студенттер «ЗИКСТО» және «Қазақтелеком» АҚ-дарында университетте алған білімдерін жетілдіре түседі.

Айымгүл Әбілева