Қоғам

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 16 сессиясы өтті



 

Облыстық ассамблеяның он алтыншы сессиясы еліміз үшін айырықша жылда өткізіліп отыр. Биыл Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына жиырма жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстанның дәу­леті мен сәулеті келісіп, әлеуеті мен қуаты еселеп артты. Ел экономикасы қарыштап өрлеп, дамудың индустриялық-инновациялық бағытына түстік. Мұның барлығы ең әуелі ынтымақ пен береке-бірліктің нәтижесі, әрине. Егеменді мемлекетіміздің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айна­луы­на Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді.

Серік Біләлов, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:
– Қазақстан Республикасы – тірлігі жарасқан, бірлігі бақ ашқан ел. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел бірлігін, ынтымағын сақтауда Ассамблеяның қоғамдағы рөлін ерекше атап өтуде. Ортақ Отанымыз  Қазақстанның дамуы – барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ-бірлігінде. Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі болған Ассамблея болашақта да еліміздің
дамуына зор үлесін қосады деген сенімдемін.  

Алғашқыда облыста 5 ұлттық-мәдени орталық қана болған. Бүгінгі таңда 109 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Өңірде тұрып жатқан жүзден астам ұлт өкілдерінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға бар жағдай жасалуда. Халықтың достық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған осы жүйелі саясатымыз бүгінде халықаралық қауымдастықта ерекше құрметке ие. Ассамблеяны құру арқылы біз ұлттық бірліктің дербес жолын тап­тық. Енді осы жолда атқарылған істерді жалғастыру қажет. Сондықтан Елбасы биыл бірқатар жаңа міндеттер қойды. Мемлекеттік тілді дамы­ту маңызды басымдық болып қала бермек. Мемлекеттік тілді білу – әр қазақстандықтың борышы. Сессияда сөз алған кейінгі буын өкілі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Анастасия Сафронованың пікірі де осыған саяды.
Мереке қарсаңында бір топ солтүстікқазақстандық марапатқа ие болды. Ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтуға үлесін қосқан жерлестерімізге Серік Біләлов құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етті. Ал облыстық Ассамблеяның хатшылығына автокөлікті сыйға тартты.

Облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары бір жылға сайланады. Былтыр бұл қызметті “Кентрон” армян этномәдени бірлестігінің жетекшісі Роман Аракелов атқарған. Оған жемісті еңбегі үшін ризашылығын білдірген Серік Біләлов биыл өз орынбасары етіп Сағындық Салмұрзинды сайлауды ұсынды. Этномәдени бірлестік өкілдері кандидатураны бірауыздан мақұлдады.

Айымгүл Әбілева