Билік

Республикалық селекторлық кеңес

 

Индустрияландыру картасына тағы 332 жоба енгізу ұсынысы түскен. Олардың 179 іріктеліп алынды. Сөйтіп,  индустрияландыру картасына жалпы құны 11,7 трлн теңгенің 472 жобасы енгізіліп отыр. Үстіміздегі жылы республика бойынша 750 млрд. теңгенің 207 жобасы іске қосылмақ. Нәтижесінде 21 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Бірінші жартыжылдықта – 63, екінші жартыжылдықта 144 өндіріс ошағы жұмысын бастайды. Қаржыландыру мәселесіне байланысты он сегіз жобаның іске қосылуы 2012 жылға шегеріліп отыр. Біреуі индустрияландыру картасынан шығарылды. Бұл орайда талаптарды қатаңдатқан жөн. Өйткені болашағы жоқ жобаларды ұсынғандар ешқандай жауапқа тартылмай келеді. Үкімет басшысы жиында айтылған ескертулер мен ұсыныстарды есепке алу керек деді. Сондай-ақ, облыс әкімдеріне сәуірдің аяғына дейін өңірлік индустрияландыру картасын бекітуді тапсырды.
Жылыту маусымына дайындық мәселесі де селекторлық отырыста қаралды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысынан өзге барлық өңірлерде жылу беру тоқтатылған. Премьер-Министр облыс әкімдеріне 2011-2012 жылғы жылыту маусымына әзірлік барысын қатаң қадағалауды жүктеді. Өткен қыста кей өңірлерде орын алған келеңсіз жағдайларды ескеру керек. Берешекті қайтару мәселесі де ерекше назарда болмақ.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Жылыту маусымына дайындық бойынша жоспар құрылды. Бар жұмыс кестеге сай жүргізілуде. № 2 жылу электр орталығы мен «Петропавл жылу желілері» кәсіпорындарында қондырғыларды жаңғырту бойынша үлкен шаруа атқарылмақ. Биыл сонымен қатар жылу трассаларын жылытуға қатысты да жұмыс ауқымды. Проблема бар аудандарда тексеріс жүргізу керек. Тамыз айына дейін көмір тиісті нысандарға жеткізілуі тиіс.  

Облыста жылу беру мамырдың бірінен тоқтатылады.

Айымгүл Әбілева