Қылмыс

Әзілкеш баласы үшін ата-ана айып тартады

 

 

 

 

Тәртіп сақшылары қалжың бастың ізіне бірден шығып, жалған ақпаратты  №8 мектептің бесінші сынып оқушысы таратқанын анықтады. Сабақтан шаршаған шәкірт осылайша көңіл көтеруді ұйғарыпты.

 Оқушы:

-Мен достарыммен далаға шықтым. «Экспресс» жаққа қарай жүріп бара жаттық. Мен қалжындамақшы болып 102 номеріне қоңырау шалдым да, № 8 мектептін ауласында бомба жатыр деп айттым.

Аз уақыттың ішінде жарты қаланы дүр сілкіндірген осы әзілі үшін жасөспірім кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекцияға тіркеуге алынды. Оған қоса баланың ата-анасы ірі көлемде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Өйткені облыстық Ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығына суық хабар түсісімен оқиға орнына Ішкі істер басқармасының жедел тергеу тобы, жол полициясы, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің жауынгерлері, төтенше жағдай, ұлттық қауіпсіздік  комитеті департаментінің қызметкерлері және жедел жәрдем қызметі жеткен. Тәртіп сақшылары мектеп ішінен барлығы 730 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Ғимарат маңы қоршауға алынып, жақын арадағы көшелерде қозғалыс тоқтатылды.

  Қанат Жолдасбаев, СҚО ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің командирі:
Саперлер тобы кинологтармен бірлесіп  №8 орта мектептің аумағын, сыныптар мен бөлмелерді, жертөле мен шатырды тексеріп өтті. Еш жарылғыш зат табылмады.

Жыл басынан жарылғыш зат қойылды деген жалған хабар таратудың бұл екінші фактісі. Осыдан бір ай бұрын  №21 мектепте бомба орнатылған деп әзілдеген оқушының ісі бойынша қозғалған қылмыстық іс жақын уақытта сотқа жіберіледі. ІІД қызметкерлері ескертеді: қылмыстық кодекс бойынша мұндай заңбұзушылық үшін ірі көлемдегі айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Кәусар Аяпбергенқызы