Билік

Жұмыссыздықпен күрес бағдарламасы қаралды

 

 

 

 

Жаңа бағдарлама үш бағытты қамтиды. Бірінші кезекте өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарға үлкен қолдау жасалмақ. Бұл санаттағы адамдардың дені ауылдық жерде тұрады. Жаңа бағдарлама ауыл халқына өз бизнесін ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.

Ольга Киколенко,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ауыл тұрғындарына несие беріледі. 5 жылға дейін 3 млн. теңге көлемінде қаражат беру қарастырылған. Бірақ ауыл тұрғындары алдымен оқып, бизнес-жоспар құрулары керек. Бағдарламаға қатысушыларға арнайы кеңес беріліп, мемлекет есебінен кәсіпкерлік негіздеріне үйрету жүргізілмек. Содан кейін барып олар сұранысқа ие өнімдер шығаруға немесе халыққа қажетті қызмет көрсетуге кіріседі.

Үстіміздегі жылы елімізде пилоттық жоба жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа 40,2 млрд. теңге қарастырылған. Ал біздің облыста бағдарламаны іске асыруға 1 млрд. 785 млн. теңге жұмсалмақ. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша  жұмыссыздар мен халықтың әлжуаз тобының жаңа кәсіп меңгерулеріне көмек көрсетіледі. Облыста үстіміздегі жылы 481 жұмыссыз оқытылады деп көзделіп отыр.

 Асқар Жоламанов, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
-Бұл мақсатқа 130 млн. теңге бағытталмақ. Ал ауылда кәсіпкерлікті дамытуға 254 млн. теңге бөлінеді. Бағдарлама аясында биыл 235 ауыл тұрғыны бизнесін дамытуға мүмкіндік алады.  

Тағы бір маңызды жайт – болашағы жоқ ауылда тұрып жатқан халыққа жәрдемдесу. Жаңа бағдарлама экономикалық әлеуеті төмен елді мекен тұрғындарын көшіруді көздейді.

Асқар Жоламанов, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
-Егер осындай ауылдарда тұрып жатқан халық жұмыс бар, инфрақұрылымы дамыған өзге ауылға көшкісі келсе, мемлекет көмек көрсетеді. Жұмыс табуға да, үй мәселесін шешуге де жәрдемдеседі.

Облыста биыл бұл бағытқа 1 млрд. 400 млн. теңге қарастырылған. 880 адамға 222 үй тұрғызылмақ. Жалпы пилоттық жоба аясында өңірде 7 мыңнан артық адамды қамту межеленіп отыр. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың саны 35 пайызға азаяды деп күтілуде. Жаңа бағдарлама елімізде шілденің бірінен жүзеге асырыла бастайды.
Айымгүл Әбілева