Қоғам

” 20 игі іс”

Петропавлға кіреберістегі оң қақпада ақ қайыңдар мен қарағайлар жайқала өскен Мещан орманы қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналғаны қашан. Бірақ  табиғат аясында таза ауамен демалып, серуен құрушыларға қарапайым тазалық ережелері жат секілді. Демалушылар тастап кеткен қалдықтар, қар астынан шыққан қураған бұтақ, жапырақ – орман іші түрлі қоқысқа толып-ақ қалған. Бір қарағанда  тоғай емес, қоқыс орны ма деп қаласың. Орманды бұл жағымсыз көріністен арылу үшін экономикалық-техникалық білім беру кешенінің белсенді студентері   келді.

 Бахытгүл Таутаева:
– Көптеген жастар да осылай тек қана қаланың ішін емес, сырт жағын да тазалайды деген ойдамыз. Себебі таза ауамен демалғымыз келсе, таза қалада өмір сүргіміз келсе, өзіміздің табиғатымызды аялап қорғай білуіміз қажет.  

Қапшық, тырнауышпен қаруланған тәуелсіздік құрдастары 10 минуттың ішінде 1 жүк көлігін толтырарлықтай қоқыс жиды. Осылайша олар қоршаған ортаның сақталуына немқұрайлы қарамайтындарын танытып, еліміздің гүлденуіне сүбелі үлестерін қосты.

Сырым Исаев, экономикалық-техникалық білім беру кешенінің студенті:
-Елжандылық қолға қару алып елді қорғау ғана деген тар түсінік.
Меніңше патриоттық сезім табиғатты аялау, жас ағаштарды сындырмау, қоқыс шашпай, жинау сынды кішкентай дүниелерден басталады. Елінің патриоттарын осы акцияға қатысуға шақырамын.

Студенттер екі сағаттың ішінде аз шаруа тындырған жоқ. Дегенмен ұзақ уақыт бойы жиналған қоқыс азаятын емес. Белсенді жастарды игі іске тартқан экономикалық-техникалық білім беру кешенінің Президенті Александр Мерк бастаған істерін аяқсыз қалдырмай тағы келетіндіктерін айтады. Жалпы аталмыш  білім беру мекемесінің тәрбиеленушілері тазалық шараларына көктем келісімен атсалысып жүр.

 Александр Мерк, экономикалық-техникалық білім беру кешенінің президенті:
– Біз бүгінге дейін саябақтар мен қала көшелерін тазалауға қатыстық. Ойқала ауданындағы 3 ҰОС ардагерлерінің бақшаларын қазуға, ауласын қалпына келтіруге көмектесеміз. Тозығы жеткен шатырларын жөндейтін боламыз.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай облыс әкімі жариялаған акция барысында мемлекеттік мекемелердің басшылары ” 20 игі іс” атқаруы тиіс. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, қала тұрғындары да ортақ шарадан шет қалмаса игі болар еді.

Жеңіс Ермұқанов