Денсаулық сақтау

Петропавлдық дәрігерлер отаның жаңа түрлерін жасауда

 

 

 

 

Петропавл қаласының тұрғыны Михаил Анисимовтың жамбас буыны сыздап, соңғы жылдары қатты мазалайтын болған. Дәрігерлер буында жарықшақ пайда болғанын анықтапты. Сәті түсіп, сәуірдің он бесі науқасқа ота жасалды. Зақымданған жамбас буыны жасанды буынға ауыстырылған. Бүгінде емделушінің жағдайы жақсы.

  Михаил Анисимов, емделуші:
Опереция сәтті өтті. Қазір жақсымын. Өзім тұрып жүре аламын. Толыққанды өмір сүруге мүмкіндік берген дәрігерлерге үлкен рахмет.

Үшінші қалалық ауруханада жамбас буынын эндопротездеу операциясы 2009 жылдан бастап жасалады. Алғашқыда ресейлік дәрігерлер шеберлік сыныптарын өткізген. Ал қазір аурухана дәрігерлері мұндай күрделі отаны өздері жасайды. Үшінші қалалық ауруханада 2009-2010 жылдары 23 операция жасалған. Ал үстіміздегі жылы дәрігерлер 4 сырқаттың жамбас буынын протезге ауыстырыпты. Жыл аяғына дейін тағы 11 ота жоспарланып отыр. Айту керек, жамбас буынын эндопротездеу операциясы тегін жасалады.  Травматолог-дәрігер Манарбек Тоқпанов эндопротездеу отасын жасайтын дәрігерлердің бірі. Ол бұл отаның жоғары технологиялық әдіс екенін айтады. Операциядан кейін науқастар буындағы ауруды ұмытып, үйреншікті өмірге оралады.

Манарбек Тоқпанов, № 3 қалалық аурухананың  травматолог дәрігері:
Протездер керамикадан жасалған. Америкалық фирманың протездерін қолданамыз. Бұл протездер тез бітіп кетеді. Екінші-үшінші күні аяққа қоямыз. 10-12 күннен кейін үйіне жібереміз.

Аурухана дәрігерлері үш жылдан бері артроскопия отасын да қолға алған. Жыл басынан тізе буынына 43 операция жасалыпты. Жалпы биыл мұндай 150 ота жоспарланған.

Манарбек Тоқпанов, № 3 қалалық аурухананың  травматолог дәрігері:
-Біз бұрын тізе буынын кең ашып ота жасайтын болсақ, қазір артроскоп арқылы екі кішкентай тілік қана жасаймыз. Барлығы экраннан көрініп тұрады. Өте ыңғайлы.

  Людмила Пономарева, емделуші:
Құлап оң аяғымның тізе буынын зақымдап алдым. Гипс салды, бірақ көмектеспеді. Содан сәуірдің  22-інде операция жасады. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Аурухана ұжымына алғысым шексіз.

Дәрігерлер облыста мұндай оталарға қажеттілік үлкен екенін айтады. Бұл орайда науқас жандарға өзге қалаға бармай-ақ Петропавлда жоғары білікті мамандардың көмегіне жүгінуге зор мүмкіндік туған.

Айымгүл Әбілева