Билік

Мақсат – табыс деңгейін өсіру

 
 

 

 

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы жалпы ішкі өнімді жан басына шаққанда 15 мың АҚШ долларына дейін көтеру міндетін қойды. 1994 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 12 есеге өсіп, 700-ден 9 мың АҚШ долларына дейін жеткен. Елбасы тапсырмасын орындаудың бірден-бір амалы үдемелі индустриялық -инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру болмақ. Бағдарламаның тиімділігін арттырудың әлеуетті мүмкіндіктерін талқылауға арналған республикалық семинарды Солтүстік Қазақстан облысында өткізудің бірден-бір себептері бар.

  Расул Оразғұлов, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты жетекшісінің орынбасары:

-Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан, экономикасы тұрақты өңірлердің бірі. Облыста инновациялық даму бағытында да бірқатар тәжірибе жинақталған, кадрлық потенциал жақсы.

Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімді өсіру үшін шикізаттық емес саланы қолдау жоспарланып отыр. Бұл жұмыс инвестицияны арттыру, инновацияны қолға алу арқылы ғана жүзеге асырылмақ. Өткен жылы елімізде жалпы құны 800 млрд теңгенің 152 жобасы қолға алынып, 24 мыңнан аса адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. 2014 жылға дейін 300-ге тарта жобаны іске қосу жоспарланған. 161 мыңнан аса тұрақты жұмыс орындары ашылады. Өзгелерге мысал ретінде келтірілген біздің облыста өткен жылы 10 жоба жұмысын бастады.

  Самат Ескендіров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

13,8 миллиард теңгенің 10 жобасы жүзеге асырылды. 630 жұмыс орны ашылды. Өндіріс орындары толық қуатта жұмыс істегенде жұмыс орындары 900ден асады. Бағдарламаның арқасында тау-кен саласын игере бастадық. Машина жасау бойынша биыл тағы екі жобаны бағдарламаға қоспақшымыз.

Көрші облыс өкілдерінің солтүстікқазақтандық әріптестерінен сұрап-білері мол.

  Ғалым Шойкин, «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Ақпарат қолжетімді болуы керек. Халыққа бағдарламаның мүмкіндіктерін түсіндіру, осылайша олардың қызығушылығын ояту үлкен шаруа . Бұл жұмыс сіздерде қалай ұйымдастырылған?

  Самат Ескендіров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Түсіндіру, ақпарат беру жұмыстары кезінде «Нұр Отан» партиясы филиалының көмегі көп тиді. Ақпараттық күндер ұйымдастырып тұрдық. Барлық басқармалар басшылары мен орынбасарлары аудандарға, ауылдық округтерге шығып, кәсіпкерлермен , халықпен кездесті.

Инновация қай саланы болмасын қамтуы керек. Жаңашыл жобалардың арқасында ғана суырылып алға шығу мүмкіндігі бар.

  Иван Чиркалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өнеркәсіпте қозғалыс басталды. Үлкен зауыттар бағдарламаға еніп жатыр. Мені алаңдататыны ауылдық жерлер. Шыны керек, ауыл тұрғындарының басым бөлігі өз тірліктерін өздері жасап жатыр. Бірақ өңдеу саласы ауылға жақындауы керек.

Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша түйткілді мәселелер де жетерлік. Инвестицияның уақытылы игерілмеуі, кадрлардың жетіспеушілігі, уақыттың тығыздығы бір күнде шешілмейтіні анық. Республикалық семинарда осы мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.

Әсем Рахметова