Құқық қорғау органдары

Ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі бойынша үкім шықты

Новоишимка ауылының тұрғындарын күндіз-түні үрейде ұстап, зәрелерін қашырған атышулы топтың жетеуі тұтқында, екеуі әлі іздеуде жүр. Ең бастысы, топты құрып, барлық қанқұйлы қылмыстарына жетекшілік еткен 1 топтағы мүгедек Ерлан Баймульдинов  қолға түскен. 2007-09 жылдарда  ол өз маңына бұрын басы істі болғандарды жинап, ақша тартып алу, тонау сияқты ірілі-ұсақты қылмыстарды ұйымдастырған. Уақыт өткен сайын олардың әрекеттері  естір құлаққа түрпідей тиетіндей істерге ұласты.  Қылмыстық топ мүшелері өзіне “Бабахан” деген лақап атты жамылған Ерлан Баймульдиновтың үйіне жұмысқа барғандай күнде жиналып отырған. Нүктесіне дейін ойластырылған жоспарлар кейде сол сол мекенжайда жүзеге асып отырған. Мәселен, қылмыстық топ ауылдың екі азаматын үйдің жертөлесінде аяусыз ұрып- соққан, түрліше мазақ етіп ұялы телефон камерасына түсірген. Кейін сол арқылы қорқытып, мәжбүрлеп ақша сұраған. Жақындарының осынша қиянатқа барғанына туыстары сенбесе керек. Сот отырысы барысында олардың бірі түсіру тобының камерасына жармасып, түсіруге қарсы болды. Сот сараптамасы қылмыстық топтың басындағы 43 жастағы Ерлан Баймульдиновтың адамдарды сендіру, өз айтқанын жасату сияқты көшбасшыға тән қасиеттері барын айғақтады.  

  Бақытжан Сатыбалдинова, Петропавл қ. қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы:
 – Сот шешімімен Ерлан Баймульдиновтың барлық мүлкі тәркіленіп, қатаң режимдегі колонияда 17 жыл жазасын өтейді.
Тимофеев пен Погорельцев 9 жылға бас бостандығынан айырылады. Жапаров, Абанов пен Хулаговтың мүліктері тәркіленіп, қатаң режимдегі колонияда 13 жыл жазаларын өтейді. Сондай-ақ Қасымовтың бар мүлкі тәркіленіп, ерекше режимдегі түзету мекемесіне жіберіліп 14 жылға бас бостандығынан айырылады.

Кәусар Аяпбергенқызы