Билік

Алғашқы тоқсандағы даму қорытындылары



 

Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында отандық экономиканың даму үрдісі сақталған. Ішкі жалпы өнімнің өсімі 6,5 пайызды құрап отыр. Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтың баяндамасына қарағанда, мұндай өсім барлық салада дерлік байқалады. Өнеркәсіп өндірісі алты пайызға артқан. Машина жасау, құрылыс саласындағы көрсеткіштер де айтарлықтай. Кеден Одағы аясында Ресей және Белорусь елдерімен қарым-қатынас нығайып, тауар айналымы біршама жақсарыпты. Алдағы уақытта бұл жетістіктерді еселей түсу міндеті тұр деді Үкімет басшысы. 2011 жылы экономика өсімін 7 пайызға жеткізу мүмкіндігі мол.  Жиында сондай-ақ кең ауқымды екі мемлекеттік бағдарламаның жобасы жан-жақты талқыланып мақұлданды. Елбасының биылғы Жолдауында айқындаған міндеттерді орындау үшін тұрғын үй-коммуналық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы әзірленді. 2020 жылға дейін межеленген іс-қимыл жоспары коммуналдық сектордағы өзекті мәселелерді шешпек. Тозығы жеткен желілер жөнделіп, жаңалары салынады. Желілерді жөнге келтіру мемлекет және коммуналдық қызмет ұсынушы кәсіпорындар қаржысы есебінен жүргізіледі. Бұл бағытқа алдағы он жылда 636 млрд. теңге жұмсалмақ. Сонымен қатар тұрғындар үшін мемлекеттің көмегі арқасында баспаналарын жөндеп алудың зор мүмкіндігі туып отыр. Бағдарлама аясында республика бойынша 11 мыңнан астам тұрғын үй жөнделеді. Жалпы бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 500 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Ал “Ақ бұлақ” бағдарламасының арқасында ел халқы сапалы таза ауыз суға қол жеткізеді. Айту керек, бағдарламаны орындауда мемлекеттік және жеке меншік серіктестік жүйесі түбегейлі ойластырылған. Сөйтіп, саланы инвестициялық тартымды ету көзделіп отыр. Бұл орайда жаңа тариф саясатының маңызы айырықша. Барлық аудан орталықтарында мамандандырылған кәсіпорындар ашу жоспарланғанын атап өту керек. Бірақ бірінші кезеңде жоба тек әр облыстың бір ауданында ғана жүзеге асырылады.
    Ана мен бала және қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту мәселесі де жиында қаралды. Бірқатар облыстардағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Олардың қатарында СҚО да бар. Үкімет басшысы облыс әкімдеріне осы түйіткілдермен айналысатын өңірлік штаб құруды тапсырды. Ал кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту үшін елімізде “Кәсіпқор” холдингі жұмысын бастамақ. Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін облыс әкімі Серік Біләлов жергілікті мемлекеттік органдардың жетекшілеріне тиісті міндеттер жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанын қорытындылайтын болсақ, облыстың экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері жоғары. Алдағы уақытта осы бағытта үлкен жұмыс атқаруымыз керек. Ана мен бала және қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітім мәселесіне үлкен көңіл аудару керек. Бұл мәселемен айналысатын өңірлік штаб жуық арада құрылып, алдағы он күн ішінде алғашқы отырысын өткізу қажет.

Айымгүл Әбілева