Мәдениет

«Музыкальная капель» фестивалі



 

Өңірімізде пианинода ойнау өнерін меңгеріп жүрген жастардың қатары қалыңдап келеді. Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған фестивальге 6 -15 жас аралығындағы 80-нен астам өнерпаз қатысып, «Ансамбль» және «Солист» номинациялары бойынша  өнер таластырды. Марьяна Айдарованың фортепианода ойнап жүргеніне көп уақыт болмаса да,  таңдаған туындысын шебер орындай білді.

Марьяна Айдарова, фестивальға қатысушы, Бескөл ауылы:
-Мен Бескөлден келдім, осындай сайысқа бірінші рет қатысудамын. Сондықтан  кішкене қобалжып тұрмын, бірақ жақсы нәтижеге қол жеткізетініме сенімдімін.

Фестивальды жастарды өнерге баулып, олардың музыкаға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында ұйымдастырып отырмыз дейді Самат Біләлов.

Самат Біләлов, «Жас Дарын» өнер мектебі директорының міндетін атқарушы:

– Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап облысымызда ең алғаш рет пианистер фестивалін ұйымдастырдық. Байқау қатысушылардың арасындағы еш тартыссыз, қазылар алқасының қатысуынсыз өтуімен ерекшеленеді.  

Мұнда аспапты енді ғана меңгеріп жүргендер де бар.    Варвара Шевченко бар-жоғы 8 жаста. Ал пианинода ойнап жүргеніне бір жыл болыпты.

Варвара Шевченко, фестивальға қатысушы,Петропавл қаласы:

-Менің отбасым пианинода ойнағандықтан,мен де өнер мектебіне бардым.Маған пианинода ойнаған қатты ұнайды.

Қатысушылардың қызығушылықтарын оятқан фестиваль алдағы уақытта үнемі өткізіліп тұрмақ.