Спорт

Үздік спортшылар марапатталды

 

 

 

 

 Үстіміздегі жылы солтүстікқазақстандық спортшылардың республикалық, халықаралық додаларда жеткен жетістіктері зор. Биыл қазақ жерінде өткен жетінші қысқы Азия ойындарына 5 жерлесіміз қатысты. Спорттық бағдарлаудан Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Аслан Тоқбаев алтын алқа еншілесе, конькиші Дмитрий Бабенко 2 күміс және 2 қола алқаны жеңіп алды. Облыс әкімі Серік Біләлов дүбірлі додада жақсы нәтижеге қол жеткізген спортшыларды марапаттады. Аслан Тоқбаев пәтер кілтіне ие болса, Дмитрий Бабенкоға облыс әкімінің сыйақысы тапсырылды.

  Аслан Тоқбаев, Азиада жеңімпазы:
-Спортшыларға көрсетіліп жатқан үлкен қолдау үшін алғысымды айтқым келеді. Облыста спортты дамыту бағытында көп жұмыс тындырылуда. Біз өзімізге артылған сенімді ақтауға тырысамыз.

 Дмитрий Бабенко,Азиада жүлдегері:
-Қысқы Азия ойындарында бізге қолдау болған жанкүйерлерге ришалығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта бұдан да биік асулардан көрінуге бар күш-жігерімізді салуға тырысатын боламыз.

Сондай-ақ колледждер және мектеп оқушылары арасында өткен республикалық спартакиадада жеңіске жеткен құрамалар назардан тыс қалмады. Оларға алғыс хаттар мен спорттық киімдер тарту етілді. “Ақшақар” қысқы спартакиадасына белсенді қатысқан аудандық білім бөлімдерінің өкілдері де марапатталды. Жиында дене шынықтыру ұлттық ғылыми -тәжірибелік орталығының марапаттары да өз иелерін тапты. Бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров пен Мағжан Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов, Аққайың аудандарының әкімдеріне төсбелгі тағылды. Ал облыс әкіміне естелік медаль тапсырылды.
Бүгінгі күні өңірде спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Оның айқын айғағы – өткен жылы жеті спортшы пәтер кілтіне ие болды. Ал 1-2 жыл ішінде жаңа спорттық кешен бой көтермек.

  Серік Біәлов, СҚО әкімі:

-Үстіміздегі жылы облыста үлкен спорттық кешеннің құрылысы басталады. Жоба-сметалық құжат әзірленеді. Жоба құны – 2,5 млрд. теңге.

Спорттық кешеннің құрылысын 2012 жылы аяқтау көзделіп отыр.

 

Айымгүл Әбілева