Спорт

«Отан қорғаушы»

 

 

 

Бүгін 15-16 жастағы ұландар күндегі сабақтарын әскери даярлықпен алмастырды. Әскери институт қабырғасында өткізіліп жатқан осы слет жастардің бірі үшін кезекті жарыс болса, екіншісіне көкейдегі арманына жақындатар алғашқы қадам болып отыр. Тек сайыс талаптары бәріне бірдей. Командалар әдеттегідей 5 түрлі сынақтан өтті. Болашақ сарбаздар үшін ол жаттығулар әсте қиын болмас. Алайда М.Жұмабаев ауданынан келген команда бұл ретте ерекшеленетін сыңайлы. Олардың құрамына биыл қыз балалар қосылыпты.

 Анастасия Былкова:
-Қыздар мұндай жарыстарға жиі келе бермейді. Біз үшін мұның бәрі қызық, әсіресе саптық жүріс. Әрине, балалар сияқты бәрі жақсы шыға бермейді. Бірақ дайындық сайын жүрісіміз шыңдалып келе жатқан сияқты.

Өз мүмкіндіктеріне қарай команда мүшелері қатысатын сайыс түрлерін бөліп алған екен. Алмаз Мүшенов санаулы уақытта сауытқа оқты толтырудан сынға түсті.

 Алмаз Мүшенов:
Бұл әскери өмірдің шеті ғой. Болашақта керек болады. Қиын ба, жеңіл ме соны көрейін деп келдім. Өзім КНБ-ға барғым келеді.

Бір күндік болса да әскери өмірдің дәмін тату әр ер жігіт үшін мақсат әрі келешектегі міндет. Осыны жақсы ұғынған өрендердің көбі әскери салада жұмыс атқарғанды қалайтын көрінеді. Аталған слет олардың армандарын нығырлай түсетін жақсы мүмкіндік.

 Ерлан Алданазаров, “Ер Отан” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:
-Көптеген оқушылар, клуб мүшелері әскерді жақсы көреді. Сондықтан оларды әскери оқу орнына түседі деп ойлаймыз, түсетіндер бар. Ресей, Алматы оқуларына, көбінесе өзіміздің институтқа түсіп жатады.

Оқушылардың қабілет-қарымдарын қатаң төрешілер бағалады. Олардың қорытындыларына сәйкес, үздік әскери-патриоттық команда атағын кәсіптік-педагогикалық колледждің “Ер Отан” командасы жеңіп алды. Екінші орында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің “Арлан” құрамасы. Сәйкесінше үздік әскери жетекші ретінде бірінші орынды иеленген “Ер Отанның” жетекшісі Ерлан Алданазаров марапатталды.

Кәусар Аяпбергенқызы